429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

1 қаңтардан бастап Чехия көшелерінде жарнама баннерлері ілінбейді

  • 169
  • UPD: 18:38, 30.12.2020

Бұған жергілікті тұрғындардың арызы себеп болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Белсенді азаматтар «үлкен маңдайшалар тарихи ғимараттарды жауып тастайды» деп шағымданған. Әсіресе, Прагадағы арызданушылардың қарыны қатты. Жарық шашып, жарқыраған жарнамалар еуропалық туристер қызығатын ескі қаланың көркін көрсетпей қалады. Десе де, жаңа заң жобасына наразылар да бар. Жергілікті кәсіпкерлер көшедегі жарнама үшін ақшаны бірнеше жылға алдын ала төлеп қойған.

Чехияның тарихи маңызды орындары үшін күрес 2018 жылы басталған. Бірақ ол кезде белсенділерге кедергі көп болды. Құзырлы органдар оларды ары-бері сабылтып, түрлі сараптама талап еткен. Белсенділердің қарекеті тек былтыр ғана қолдау тапты. Сыртқы жарнама туралы арнайы заң қабылданды. Енді баннер көлемі шыны витринаның жартысынан аспауы тиіс. Жанып тұратын жазуларға да тыйым салынды. Бұдан басқа, жаяу жүргіншілер өтетін жерге жарнама ілуге болмайды.

Матей Глински, жарнама агенттігінің продюсері:

- Бұл тыйымның ерте ме, кеш пе енгізілетіні белгілі еді. Агенттіктердің көбі келісім мерзімін тоқтатып тастады. Ал бірнеше жылға шартқа отырғандар ұтылды. Шығын көлемі ондаған мың доллардан асады.

Прагадан кейін басқа қалалар назарда тұр. Бірінші кезекте мәдени-тарихи нысандардың маңыздылығы және оларға жарнама маңдайшаларының теріс әсері бағаланбақ. Кәсіпкерлер «бұл шаралар құқығымызды шектеп жатыр» деп шағымданып әлек. Індет кезінде бизнес саласының барлық саласы тоқырап, қазір негізгі басымдық туризмге берілуде.

Якуб Мяновски, Прага әкімшілігінің заңгері:

- Билік жеке компаниялардың жұмысына еш зиян келтірмейді. Жарнама нарығында өзгеріс болатынын біз маусым айында ескерткен болатынбыз. Оның үстіне бұл тыйымдар барлық көшені қамтымайды. Шектеулер тек тарихи-мәдени маңызы жоғары нысандарға қатысты. Себебі мыңдаған турист тек соларды көру үшін келеді.

Үкімет жаңа ережелер Праганың тарихи орталығындағы ғимараттардың 25%, ал басқа қалаларда 20%-ін қамтиды деп ақталады. Ал компаниялар жарнама ілуге қолайлы ғимаратарды жалға алған келісімдерін біржақты тәртіпте мерзімінен бұрын бұзатынын ескертуде. Себебі бұл шарттар енді бизнесмендер үшін мүлде тиімсіз.

Авторлары: Ернат Мелсұлы, Александр Грэс

Хабар 24 телеарнасы