420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үндістанда Жаңа жыл қалай тойланады?

  • 185
  • UPD: 19:02, 30.12.2020

Шырша мен ойыншық орнына табақтағы тәттілер. Үндістанда да әлемнің өзге елдеріндей желтоқсанның 31-і күні жаңа жыл аталады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ жаңажылдық шыршаның орнына манго ағашы безендіріліп, оған ойыншықтар емес, жеміс-жидек ілінеді. Арнайы тағам дайындалып, түрлі сыйлықтармен бірге гүлдер мен тәттілер қойылады.

Алексей Родионов, тілші:

- Үндістанда мереке мен ойын-сауыққа көзқарас ерекше, өзгеше мәдениет қалыптасқан. Әр мейрамға түрлі киім киіп, ән айтып, би билейді. Сондықтан бір жылда 4 рет Жаңа жылды атау таңғаларлық жайт емес. Бірақ желтоқсаның 31-ін бүкіл халық бірдей атап өтеді. Тек әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, Андхра-Прадеш штатында жаңа жыл «угади», яғни «жаңа заман» деп аталады. Мұнда мерекенің басты белгісі гүл. Адамдар бір-біріне гүлден өрілген бас киім сыйлап, ізгі тілек лебізін білдіреді.

Сунил Нумар, аспаз:

- Әдетте мерекеде жиі тарту етілетін сыйлықтардың бірі - тәттілер. Тек оған түрлі дәмдеуіштер көптеп салынады. Бұл жаңа жылда жаңа бақыт көп болсын деген ниет. Әрине, мереке «Берианесіз», яғни палаусыз өтпейді. Бұл тағамды етпен де, етсіз де жасауға болады.

Үндістанда жаңа жылды желтоқсанның 31-інде мерекелеудің дәстүрге айналғанына көп уақыт бола қойған жоқ. 30 жыл бұрын жаңа жыл көктем мен күз маусымдарында ғана аталатын. Ал қысқы мейрам ақсүйектер мерекесі деп саналатын. Бұл күні көшелер мен үйлер майшам, ойыншықтармен безендіріліп, кешке отшашулар шашылады. Аспанды жарқыратқан түрлі-түсті оттар үйге береке мен байлық құдайы – Лакшмиді шақырады-мыс.

Нишу Котал, Нью-Дели қаласының тұрғыны:

- Қысқы жаңа жыл бізді өзге әлеммен жақындастырады. Жастар оны түнгі клубтарда қарсы алса, қарттар туған-туыстарын еске алады. Биыл індет кезінде бұл тіптен өзекті. Карантиндік шектеулерден үйден шықпай отырсақ та, жүрегіміз жақындарымызбен бірге.

Үндістандықтар үшін жаңа жылдың алғашқы таңы үлкен мәнге ие. Өйткені жаңа жылдың бірінші күнін қалай қарсы алсаң, бүкіл жыл солай өтеді деген ұғым бар. Сондықтан 1 қаңтар таңын еш алаңсыз, қуаныш-шаттықта қарсы алу әдетке айналған.

Авторлары: Алексей Родионов, Дмитрий Лукша, Анастасия Левитан, Устад Рахман

Хабар 24 телеарнасы