421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Германия мереке күндері карантинді жеңілдетпейді

  • 78
  • UPD: 14:30, 31.12.2020

Немістер биыл коронавирустан жаңа жылды әдеттегідей атап өте алмайтын болды. Билік мереке күндері қатаң карантинді жеңілдетуге ниетті емес. Шектеулер жағдайында берлиндіктер 2021 жылды қалай қарсы алғалы жатыр.

Берлин халқы жаңа жылды әдеттте Бранденбург қақпасының алдында қарсы алатын. Биыл шаһарда мереке күндері қандай-да бір іс-шара өткізуге тыйым салынған. Бірақ жақында қақпа жанында сахна орнатылып, көрермендерсіз концерт ұйымдастырылатыны белгілі болды. Мерекеде дәстүрлі салтанатты отшашулар да болмайды. Тұрғындарға мұндай заттарды сатып алып, қолдануға тыйым салынған.

Анья Диршке, Берлин полициясы баспасөз қызметінің басшысы:

- Мен азаматтардан еш негізсіз көшеге шықпауды сұраймын. Мерекені үйде қарсы алыңыздар. Жаңа жылда Берлин көшелерін 2 мың полицей күзетеді. Оларға Гессен мен Баден Вюртембергтен келген әріптестері көмектеседі.

Берлинде бүгін түскі 2-ден бастап спирттік ішімдік сатуға да тыйым салынды. Ал қонақтарға келетін болсақ, мерекелік дастархан басында балаларды қоспағанда 5 адамнан артық жиналуға болмайды.

Мариа, Берлин қаласының тұрғыны:

- Жаңа жылды үйімде қарсы аламын. Бұған дейін мерекені достарыммен өткізуші едім. Құрбыларыммен серуендеп, театрға баратынбыз. Бірақ бұл жолы карантиннен ешқайда шыға алмаймын. 

Тим Мюллер, саяхатшы:

Қала сыртына барып қайтпақпын. Карантиннен көп уақыт үйден шықпадық. Сондықтан тауға барып қайтпақшымыз. Көңіл-күйіміз жақсы. Бірақ шаһар көп өзгерген. Адамдар арақашықтықты сақтап, қолмен амандаспайды.

Қатаң карантин Германияда қаңтардың 10-ына дейін жалғасады. Бірақ саясаткерлер оны ұзарту керек деп отыр. Себебі шектеулерге қарамастан дерттен қайтыс болғандар қарасы азаймай тұр. Жақында өлім-жітім бойынша тағы антирекорд орнады. Бір күнде дерттен 1 мыңнан аса адам қайтыс болды.

Авторлар: Шолпан Найманбаева, Милослав Лавриновский

Хабар 24 телеарнасы