421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Израильде вакцина басты жаңа жылдық сыйлыққа айналды

  • 107
  • UPD: 15:48, 31.12.2020

Израиль қатаң карантинге қарамастан Жаңа жылды атап өтуге қызу дайындалып жатыр. Бірақ биылғы әзірлік сәл басқаша сипатта. Бір жағынан вакцина-лау науқаны да қарқынды жүруде. Қазірдің өзінде жүздеген мың тұрғын екпе салдырып үлгірген.

Интернет пен телеарна саясаткерлердің құттықтауынан босамай жатыр. Бұл жылдағы үрдіс. Биылғы бір ерекшелік, олар орыс тілді израильдіктерге баса назар аударған. Мұның себебі түсінікті. Жақында кезектен тыс сайлау өтеді.

Яир Лапид, «Еш атид» партиясының жетекшісі:

- Қасық ал да, оливьені соңғы түйіріне дейін жеп қой. Сонда еліміздің орыс тілді қауымына деген көңіліңді, сайлауда жеңіске жету үшін бәріне дайын екеніңді білдіресің.

Коронавирус жаңа жылды тойлауға едәуір түзету енгізді. Палестинаға тиесілі Вифлеемде жылда өтетін шеруге тыйым салынды. Мұндай шектеу тіпті әскери қақтығыстар кезінде де болмаған. Жергілікті христиандар мерекені отбасында атап өтеді. Ал Вифлеемдегі балалар үйінде жаңа жыл карантинге қарамастан тойланғалы отыр.

Искандер Андон, әлеуметтік қызметкер:

- Бұл балалар үйі 150 жыл бұрын ашылған. Мұнда ауыр жағдайда ата-анасынан айырылған жеткіншектер тәрбиеленуде. Оларға мереке сыйлауға міндеттіміз.

Израильде басты жаңа жылдық сыйлық – вакцина. Егу екпіні қайран қалдырады. Бір аптада жарты миллион адам алып үлгерген. Бұл әлем бойынша ең жоғары көрсеткіш. Осы қарқыннан таймаса, жоспар мерзімінен бұрын орындалуы әбден мүмкін. 

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Екпені бірінші кезекте өмірі қыл үстінде тұрған топтар алуы тиіс. Себебі олардың арасында өлім-жітім көп. Тек осылай ғана экономиканы оңалтып, бизнеске көмектесе аламыз. Жағдайды қалыпқа келтіру - бізідң басты мақсатымыз.

Бірақ мәселе жетіп артылады. Кейбір ауруханалардың қызметкерлері екпені ереже бойынша 60-тан асқандарға емес, жас туыстарына салған. Денсаулық сақтау министрі мұндай ауруханаларға вакцинаны ең соңынан беру керек деп айыптады. Ал елдегі Карантин тәртібі ақпанға дейін сақталмақ. 

Автор: Сергей Ауслендер

Хабар 24 телеарнасы