423,42 511.30 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Армения халқы Жаңа жылды ескі дәстүр бойынша қарсы алуға дайындалуда

  • 102
  • UPD: 15:48, 31.12.2020
Армения халқы Жаңа жылды ескі дәстүр бойынша қарсы алуға дайындалуда

Армения тұрғындары Жаңа жылды ескі дәстүр бойынша қарсы алуға дайындалып жатыр. Ырым бойынша бұл күні үйге береке әкелетін мерекелік заттар міндетті түрде болуы керек.

Айта кетейік, Армян халқының басым бөлігі ата-бабаларынан мұраға қалған салт-дәстүрді бұлжытпай орындайды.

Армян халқы ежелден мейрамдардың қалай тойланғаны жайлы жақсы біледі. Мұражай қызметкері Гаянэ Самвелянның айтуынша, бұрын Жаңа жылды күн мен түн теңелген көктемде қарсы алатын. Ал 1 қаңтарда мереке тойлау дәстүрі осыдан 200 жыл бұрын қалыптасқан. Бұл күні әрбір армянның шаңырағында міндетті түрде болуы тиіс заттар бар.

Гаянэ Самвелян, мұражай қызметкері:

- Осындай заттардың бірі кенац цар деп аталатын тіршілік ағашы. Оны бидайдан жасап, жеміс пен жаңғақтармен әшекелейді. Тіршілік ағашы түпкі тамырымыздың болашақпен байланысын білдіреді. Өткенді есте сақтап, алға ұмтылу қажет.

Ырымға сай ағашты дұрыс безендірген отбасы алдағы жылда бейнет көрмей, молшылықта өткізеді. Сонымен қатар жаңа жылдық дастарқанды дұрыс жаюдың да маңызы зор.

Гаянэ Самвелян, мұражай қызметкері:

- Бұрын кяшка деп аталатын бидайдан тағам жасап, ет асатын. Бұл ботқаны арнайы тонире пешінде дайындайтын. Қазір тұрмысымыздағы тағамдар түрі әрине өзгерді. Алайда толма Арменияда Жаңа Жылдың басты асы саналады. Оның түр-түрі бар, кез келгенін дастарқанға қоюға болады. 

Жергілікті салт-дәстүрдің бірі Жаңа жыл қарсаңында бал ашу. Ол үшін қамырдан арнайы мүсіншелер пісіріледі. Ұннан жасалатын дәстүрлі тағам - гата да Жаңа жылға ерекше әзірленеді. Дәлірек айтсақ, ішіне тиын жасырылады. «Оны тапқан адам алдағы жылы бақытты болады» деген наным бар.

- Тиын маған түсті, бұл нені білдіреді? Келер жыл сізге табыс әкеледі!

Армения халқына тән тағы бір дәстүр - қонаққа бару. Үй-үйді көптеп аралап шыққан адамның бүкіл жылы да сәтті өтеді екен.

Лаура Жүсіпбекова, Тигран Галстян, Давит Атаян

Хабар 24 телеарнасы