426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ангела Меркель соңғы рет неміс халқын жаңа жылмен құттықтады

  • 237
  • UPD: 19:49, 31.12.2020

Осылайша жаңа жылды қатаң карантинде қарсы алатын Германияны келер жылы саяси өзгерістер күтіп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Германия канцлері Ангела Меркель соңғы рет неміс халқын жаңа жылмен құттықтады. Өз сөзінде ел билігін тізгіндеген басшы келер жылы қыркүйекте өтетін сайлауға қатыспайтынын және 2021 жылы өзінің саяси мансабын аяқтайтынын мәлімдеді. Меркель ханым соңғы жаңажылдық телеүндеуін пандемия тақырыбына арнады.

Ангела Доротея Меркель. Германиянын алғашқы әйел-канцлерi. Халық арасында «темір фрау» атанған ол әлемдік саясат аренасында абыройы биік, мерейі үстем саясаткер. 66 жастағы Ангела ханым мамандығы бойынша физик болса да, өмірін саясатқа арнады. Еңбек жолын қатардағы ғылыми қызметкер болып бастаған ол бүгінде әлемдегі ықпалды тұлғалардың көш басында тұр. Соған қарамастан қарапайымдылығымен таңғалдырады, тамсандырады.

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

– Ол талайды көрді. Миграциялық дағдарыс болсын, қаржылық дағдарыс болсын, қандай қиындықпен бетпе-бет келсе де, еуропалық құндылықтарды еш ұмытқан емес. Елін қайсарлықпен алға жетелеп келе жатыр.

Некедегі екінші күйеуі – кванттық химик. Екеуінің де табысы жақсы. Канцлер айлық жалақысы 29 мың еуро екенін жасырмайды. Соған қарамастан, өте қарапайым өмір салтын ұстанады. Әйел заты боп үлде мен бүлдеге оранбайды. Тіпті бірде 20 жыл бұрын киген көйлегін қайта киіп жүргені жайлы бұқаралық ақпарат жарыса жазған болатын.

Ангела Меркель өмірінің 30 жылдан астамын саясатқа арнаған. Ол басқарған кезеңде Германияның экономикалық күш-қуаты артып, әлемдегі ықпалы зорая түсті. Бірақ келер жылы бұған дейін өзі мәлімдегендей, «темір фрау» саяси мансабын аяқтамақ. Ал сарапшылар Еуропа үшін мұндай тұлғаға парапар адамды табу қиын болады дейді. Десе де, Меркель аяқ асты айнып қалып, келесі сайлауға қатысар болса, жеңіске жетері анық.

Фритьёв Фон Норденскёльдт, Германияның Франциядағы елшісі /2001-2004/

– Мен канцлердің бойындағы тұлғалық қасиеттеріне тәнтімін. Ол кез келген қиын жағдайда дұрыс шешім қабылдай біледі. Сол себептен келесі сайлауға қатыспайтыны жөнінде естігенде таң қалмадым. Өйткені соңғы сайлаудағы көрсеткіштер нәтижесі оның партиясы үшін оң болмады. Бұған дейін де ол партия төрағалығынан өз еркімен бас тартып, жақтастарына жаңа төраға таңдауға мүмкіндік берді.

Меркельдің қарсыластары оны харизмадан жұрдай, журналистермен жөнді сөйлесе алмайды дейді. Көбіне оның сырт келбетіне сын айтылып жатады. Соңғы кезде «темір фраудың» денсаулығы да сыр беріп жүр. Ресми кездесулерде бірнеше рет нашар сезінген сәттері камераға да түсіп қалды. Бірақ оның басшылықтан кетуі денсаулығына байланысты емес. Германиядағы парламенттік сайлау келер жылдың кыркүйегіне белгіленген. Христиан демократиялық одағының төрағалығына, одан кейін канцлер лауазымына үміт білдірген әзірге 3 саясаткер белгілі, олардың барлығы ер адам. Сондықтан Ангела Доротея Меркель Германия тарихындағы тұңғыш әрі жалғыз әйел-канцлер болып қала бермек.

Авторлары: Назира Омар, Шолпан Найманбаева

Хабар 24 телеарнасы