420,18 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: Әлем елдері жаңа жылды қалай қарсы алады?

  • 149
  • UPD: 21:36, 31.12.2020

Жаңа жылға санаулы сағаттар қалды. Коронавирус індеті салдарынан биылғы мереке бұрынғыдай болмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Халықаралық ұйымдар мен билік өкілдері той-томалақтан бас тартып, мерекені отбасы мүшелерімен ғана қарсы алуға шақырып жатыр. Әлем елдері мейрам қарсаңында шектеу шараларын да күшейткен.

Бір ел дәстүрлі отшашудан бас тартса, енді бірі мерекелік фестивальдерді өткізбейтін болды. Тіпті жылы жақтағы жағажайлар да қазір жұрт үшін жабық тұр.

Жаңажылдық отшашу қарақұрым халықсыз өтеді

Сидней тұрғындары биыл көшеге шығып, дәстүрлі жаңажылдық отшашуды тамашалай алмайды. Себебі осы айдың ортасында шаһардың солтүстік жағажайында вирус жұқтыру деректері тіркеліп, қаланың бірқатар ауданында карантин енгізілген. Сақтық мақсатында жергілікті билік тұрғындарды далаға шықпауға шақырып жатыр. Қазір Сиднейде бір жерде 15 адамнан артық жиналуға болмайды.

Глэдис Бережиклян, Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының премьер-министрі:

– Мұндай шектеу шараларын не үшін енгізгенімізді көбі түсінеді деп ойлаймын. Қазіргі жағдайды ескеріп, түсінушілік білдіргендеріңіз үшін бәріңізге алғыс айтамын.

COVID-пен күресудің жаңа шаралары енгізілді

Ал Таиланд билігі ел астанасы Бангкокта коронавирус жұқтыру деректерінің артуына байланысты жаңа жыл мерекесі кезінде шектеу шараларын енгізді. Ол қаңтардың төртіне дейін жалғасады. Осы уақытқа дейін шаһардағы ойын мекемелері мен массаж салондары жұмыс істемейді. Мейрамханалар мен барлар тек түнгі екіге дейін қызмет көрсетеді. Әлеуметтік арақашық секілді қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы тиіс. Токиода барлық мерекелік шара болмайды. Гонконгта да тап осындай жағдай.

Қатаң карантиндегі жаңа жыл

Биыл Еуропа халқы да жаңажылдық той-томалақтан бас тартады. Өйткені билік мереке күндері шектеу шараларын жеңілдетуге ниетті емес. Мәселен, Францияда қаңтардың 1-іне қараған түні де коменданттық сағат болады. Сондықтан елдің денсаулық сақтау министрі той тұрмақ, ағайын, туыспен жиналып отырыс өткізуді де тоқтата тұруға шақырып отыр. Дастархан басына тек 6 адамның жиналуына кеңес беріліп жатыр. Германияда да осыған ұқсас жағдай. Жыл сайын жаңа жылды Бранденбург қақпасы алдында қарсы алатын неміс халқы биыл үйде отырады. Өйткені Берлинде қандай да бір шара өткізуге тыйым салынған. Мерекеде дәстүрлі отшашулар да болмайды. Тұрғындарға мұндай заттарды сатып алып, қолдануға тыйым салынған.

Мереке кезіндегі шектеу шаралары

Биылғы жаңа жылды лондондықтар да мерекелік отшашусыз қарсы алады. Коронавирус жұқтыру санының көбеюіне байланысты билік өкілдері елдің көптеген өңірінде шектеулердің ең жоғары деңгейін жариялаған. Осыған байланысты премьер-министр Борис Джонсон тұрғындарды үйде қалуға шақырып отыр. Ал Шотландияда салюттің орнына дрондар шоуы ұйымдастырылады. Жаңа жыл түні олар көкке көтеріліп аңыз әңгімелердегі кейіпкерлерді көрсетеді.

Енді көршілес Ресейдегі жағдайға тоқталсақ. Мерекеге орай, Мәскеу көшелері көздің жауын алардай безендірілгенімен, сақтық мақсатында шаһарда шектеу шаралары күшейтілген. Мәскеу мен Мәскеу облысында мейрамханалар мен дәмханалар тек түнгі 11-ге дейін ғана жұмыс істейді. Демек бұл орындарда Жаңа жылды қарсы алуға рұқсат жоқ. Тұрғындар үшін бұқаралық шаралар да өтпейді. Ал Калининград билігі қаладағы сауық мекемелерін 3 қаңтарға дейін жауып тастаған.

Олеся Свинина, Ресей тұрғыны:

– 2020 жыл сынақтар мен қайғылы оқиғаларға толы болды. Дей тұрғанмен, 2021 жылы жағымды жаңалықтар көп болады деп үміттенеміз. Солай боларына сенім мол.

Жаңа жылда жағажай жабық болады

Бразилия билігі жаңа жыл қарсаңында Рио-де-Жанейродағы қалалық жағажайларды түгел жабу туралы шешім қабылдады. Бұл коронавирустың таралуын тежеу мақсатында жаңа жылды тойлауға арналған бұқаралық шараларды азайтуға бағытталған қадамдардың бірі. Тәртіп бұзғандар қатаң жазаланады. Оларға 2800 долларға дейін айыппұл салынуы мүмкін. Жұрт бір жерге жиналмасы үшін отшашу да атылмайды.

БҰҰ 2021 жылды коронавирус салдарынан сауығуға арнайды

Өз кезегінде БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш жаңа жыл қарсаңында әлем халқына үндеу жолдап, 2021 жылы коронавирустың таралуын тоқтатуға шақырды. Сонымен қатар ол келер жылды ковидтен сауығу жылы деп жариялауды ұсынды.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

– Бәріміз бір-бірімізбен және табиғатпен бір демде болайық, климаттық дағдарысты жеңіп, COVID-19-дың таралуын тоқтатайық және 2021 жылды сауықтыру жылы етейік. Экономика мен қоғамның күйреуін жандандырайық. Планетамызды сауықтыруға арналған іс-шараларды бастайық.

Хабар 24 телеарнасы