Әлем елдері жаңа жылды қалай қарсы алды?

Коронавирустан әлем елдері биылғы жаңа жылды ойын-сауықсыз қарсы алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көптеген елде шектеулерге байланысты қала көшелері қаңырап бос қалды. Лондонда дәстүрлі мерекелік отшашу өткізілмеді.

Парижде полиция күзеті күшейтіліп, адамдардың карантин тәртібін бұзбауы қадағаланды. Әдетте ығы-жығы жүретін халық бұл жолы көрінбеді.

Ал, Испания астанасында Жаңа жыл виртуалды өтті десе болады. Отшашулар ұйымдастырылғанмен, мерекелік шара тек теледидар арқылы көрсетілді. Мадрид көшелерінде де адам қарасы аз.

Кристина Паблос, жергілікті тұрғын:

- Жаңа жылда ең алдымен коронавирус індеті жойылып, қалыпты өмір тез оралса екен деп тілеймін. Барлық экономикалық қиындықтарды еңсеріп, адамдар қайғы уайымнан арылсын.

Індетке қарамастан кей елдерде шағын мерекелік іс-шаралар өтті. Мысалы, Дубай көгі бір сәт әсем отшашулармен жарқырап, әлемдегі ең биік ғимарат Бурдж Халифа түрлі-түсті бояуға енді.