2021 жылы төрт астрономиялық құбылыс байқалады

Жаңа кірген 2021 жылы бірнеше астрономиялық құбылыс болады деп күтілуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл екі рет күн және екі рет ай тұтылады дейді жұлдызшылар. Сондай-ақ осы жылы Айдың біздің ғаламшарға қатты жақындауын да байқауға болады екен. Бұл қызықтарды жақсылап тамашалау мүмкіндігі Үндістан тұрғындарына бұйырмақ. Өйткені мамандардың айтуынша, астрономиялық құбылыстар басқа ел тұрғындарымен салыстырғанда дәл үндістандықтар үшін жақсы көрінуі тиіс.

Негізі, Үндістан тұрғындары 2020 жылы да 6 бірдей табиғи құбылыстың куәгері болды. Биыл әлемде екі рет Ай тұтылып, екі рет күн тұтылады. Үнді халқы солардың екеуін тамашалай алады.

Приянка Авринаж, Нью-Дели обсерваториясының өкілі:

– Алғашқы құбылыс 26 мамырда болады. Оны Үндістанның түрлі штаттарының тұрғындары байқауы мүмкін. Десе де солтүстік-шығыс өңірдің халқы үшін жақсы көрінуі тиіс.

Келесі құбылыс күзде болады. 19 қараша Ай тұтылуы тиіс. Негізі мұндай құбылыстарды тек астрономияға қызығатын жандар ғана асыға күтеді. Ал қарапайым тұрғындар аса ұната қоймайды. Наным-сенім бойынша, Ай мен күннің тұтылуы ауру мен бәле әкеледі-міс. Сондықтан жергілікті халық бұл күндері дұға оқып, қасиетті жерлерге барған дұрыс деп санайды.  

Сачин Нехвал, астроном:

– Бұл діни рәсімдер өткізу үшін тамаша мүмкіндік. Халықтың наным-сенімі бойынша мұндай құбылыстар кезінде Раху және Кету деген екі пері Күнді жұтады. Осыдан кейін жер бетіндегі тамақ жеуге жарамсыз болып қалады, ал су уланады-мыс. Сондықтан Ай мен күннің тұтылуынан кейін тұрғындар дұға оқиды, өйткені өзін бәле-жаладан сақтап қалғысы келеді.

Бір қызығы, статистика бойынша, Ай мен күннің тұтылуы кезінде Үндістанда расымен оқыс оқиғалар жиі тіркеледі екен. Алайда мамандардың түсіндіруінше, оған құбылыстың еш қатысы жоқ. Бұл тұрғындардың сол құбылыстарға деген көзқарасынан турындаған оқиғалар. Мәселен, жүкті әйелдер толғағы қысса да, бұл күндері босанбауға тырысады екен. Ал кейбір өңірлерде тіптен науқас балаларды беліне дейін жерге көміп тастайтын көрінеді. Бұл бүлдіршіндерді емдеудің орнына жаңа ауруларға әкеп соқтыруы мүмкін. Сондықтан мамандар мұндай қауіпті әрекеттерден аулақ болуға шақырады.

Жұлдыз Атагельдиева, Устад Рахман