Франция полициясы 2,5 мың адам жиналған би кешін тоқтата алмай жатыр

Елдің батысындағы Льерон қаласында сауыққа жиылғандардың кейбірі дүйсенбіге дейін қайтпаймыз деп жауап берген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Негізі би кеші 31 желтоқсанда түнде басталған. Жүздеген көлікке мінген тұрғындар қоймаларға жиналған. Тәртіп сақшылары 200-ден астам адамға айыппұл салған. Оған ызаланғандар полицияның бір көлігін өртеп, тағы үшеуін зақымдады. Қақтығыстан 3 тәртіп сақшысы жараланды. Полицейлер қазір үлкен қақтығыс болмас үшін ғимарат ішіне кірмей тұр. Жалпы ел бойынша жаңа жыл кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін 100 мың полицей тартылған.

Естеріңізге сала кетейік, бұл елде 15 желтоқсаннан бастап коронавирусқа байланысты комменданттық сағат енгізілген. Яғни тұрғындарға кешкі 8-ден таңғы 6-ға дейін көшеде жүруге болмайды. Жаңа жыл түні тәртіп бұзған 700-дей адам қамауға алынып, 6 мың 600 тұрғынға айыппұл салынған.