Жапонияда төрт губернатор биліктен төтенше жағдай енгізуді сұрап отыр

Жапонияда 4 губернатор Үкіметтен елде төтенше жағдай жариялауды сұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұған COVID-19 індетінің кеңінен таралуы себеп.

Айта кетейік, жалпы елде, сондай-ақ Токио бойынша да соңғы күндері коронавирусқа шалдығудың жоғары көрсеткіші тіркелді. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Күншығыс елінде вирус жұқтырғандар саны 239 мың адамға жектен. Ал қайтыс болғандар 3,5 мыңнан асады. Жапония өткен жылдың сәуір-мамыр айларында да төтенше жағдай режимінде болған еді.

Юрико Коикэ, Токио губернаторы:

- Токио мен 3 префектурада коронавирус індетінің өршуіне байланысты жағдай ушығып барады. Біз адамдардың қозғалысына тез арада тоқтау салуымыз керек. Әйтпесе бақылауды қолдан шығарып аламыз.

Ясутоси Нисимура, Жапонияның экономика министрі:

- Жапон үкіметі 4 губернатордың төтенше жағдай жариялау жөніндегі ұсынысын қарастырады. Бұл мәселеге асқан сақтықпен келуіміз қажет. Алдымен сарапщылармен ақылдасамыз.