Ливандағы босқындар ауыр жағдайға душар болды

Cиыр жылы Ливандағы сириялық босқындар үшін ауыр басталды. 1 жарым миллион мигрант ішерге ас, киерге киім таппай отыр. Боснияға бас сауғалап барған босқындардың да халі мүшкіл.

Ливандағы сириялық әйелдің еңірегенде етегі жасқа толады. Тіпті шарасыз ана бір тілім нан табу үшін бауыр етін баласын тірі жетім қылуға даяр. Ливандағы экономикалық және саяси ахуал бұрын да мәз емес еді. Жығылғанға жұдырық демекші, елдегі қиын жағдай коронавирус келгелі тіптен ушықты.

Ханан Рифай, сириялық мигрант:

- Керек болса балаларымның біреуін сатамын. Әйтпесе бәріміз аштан қатамыз. Бұл жердегі адамдар бізді аяп, киім-кешек беріп тұратын. Бірақ қазір олардың өзі көмекке мұқтаж. Қоқыс жәшіктерін ақтарып, әрең дегенде жан бағып жүрміз.

Қоқыс аралайтын жалғыз босқындар емес. Ливандықтардың да шекесінің шылқып жүргені шамалы. Джон Хопкинс Университетінің жуырдағы зерттеу бойынша, инфляция деңгейі 365 процентке жетіп, ұлттық валюта 80 процентке құнсызданған. Тұрақсыз елге халықаралық инвесторлар мүлде ат ізін салмайтын болған. 7 миллиондай халықтың жартысы сіңірі шыққан кедейге айналды. Күнделікті табыс мөлшері 1 долларға да жетпейді. Халықтың наразылығы күннен күнге күшейіп барады.

Босниядағы босқындардың да азабы аз емес. Былтыр оларды жөндеу жұмысын жасаймыз деп шатырлардан қуып шыққан. Содан ашынған мыңдаған мигрант лагерьді өртеп, ақыры аязда далада қалды. Жыл басында Босния үкіметі Еуроодақтың төмпештеуімен мигранттарға арнап шатырлар тіге бастады. Мигранттардың елде қалғанына жергілікті тұрғындар наразы. 

Хан, пәкістандық мигрант:

- Адамгершілік атымен жоқ. Суға түсу, төсек, баспананы айтпағанның өзінде біз тойып тамақ ішпейміз. Көп адам ауырып жатыр. Коронавирус та болуы мүмкін. Адамдарда бір мысқал да мейірім жоқ. 

Батыс Еуропаға өте алмай, балқан елінде қамалып отырғандардың арасында Таяу Шығыс, Азия және Африка азаматтары бар. Оларды жарылқауға жергілікті үкіметтің шамасы жоқ. Себебі Босния 1990 жылғы соғыстан кейін әлі ес жия алмай келеді.

Автор: Ернат Қашқынов

Сондай-ақ...