Бельгияға шетелден оралғандар ковидке тест тапсырады

Бельгияда коронавируске қатысты бақылау күшейді. Бұрын тестіні басқа елдің азаматтары ғана тапсырса, енді осы қаңтардан бастап шетелден оралған жергілікті тұрғындар да тапсырады.

48 сағат сырт мемлекетте болғандар тестіні келген бетте және жетінші күні тапсыруы тиіс. Сынақ тапсыру орталықтары Брюссель әуежайында, сондай-ақ Бельгия астанасындағы ірі теміржол вокзалдарынан ашылды.

Айта кетейік, «Ковид-19»-ды жұқтыратындар саны қазір күніне 2 мың адамға дейін азайды. Бұған дейін бір күнде 22 мың адамға дейін жұқтырып, ең жоғары көрсеткіш тіркелген еді. Науқастар мен құрбандар қатарының сиреуіне қатаң карантин себеп болды. 

Жозефин Бешу, франциялық турист:

- Теміржол станциясының басты залына кіргенде полицияға коронавирусқа арналған тестінің теріс нәтижесін, сондай-ақ толтыратын қағазды көрсетуге тура келді. Келген бетте ешкім сұрамап еді.

Жиль Де Шеппер, «Қызыл крест» ұйымының үйлестірушісі:

- «Eurostar» және «Талис» пойыздарымен келгендерге арналған жаңа тестілеу орталығы ашылды. Ол таңғы 9-дан кешкі 11-ге дейін жұмыс істейді және шетелден Бельгияға келген кезде тест тапсыруға мүмкіндік береді. Орталық күніне 750 тестіге дейін қабылдай алады.