Австралияда карантин шаралары күшейді

Австралия билігі коронавирустың күшеюіне байланысты карантин шараларын күшейтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында сыртта ғана емес, сондай-ақ ғимарат ішінде де бетперде кию міндетті болып бекітілді. Жаңа ереже бүгін түнде тура 12.00-де күшіне енеді. 4 қаңтардан бастап бетпердесіз адамға 154 доллар айыппұл салынады. Соңғы есеп бойынша, бүгін Австралияда 11 адам коронавирус жұқтырған. Бұл елде індет былтыр желтоқсан айының ортасынан өрши бастаған. Коронавирус басталғалы бері құрлық-мемлекеттен аурудан 909 тұрғын қайтыс болып, оған шалдыққандар саны 29 мыңға жуықтады.

Брэд Хаззард, Жаңа Оңтүстік Уэльс штатының денсаулық сақтау министрі:

– Бетпердені өзіңіз үшін, отбасыңыз үшін киіп жүріңіз. Себебі маскасыз жүргенде індет жұқтыру қаупі өте жоғары болады. Сондай-ақ тұмша арқылы өзіңіздің ғана емес, айналаңыздағы адамдардың да өмірін сақтап қаласыз.

Керри Чант, дәрігер:

– Бізде коронавирустың екі түрлі штамы бар. Жақында ғана  бір тұрғын шетелден келіп, отбасына жұқтырды. Бәрін ауруханаға жатқыздық. Осындай өкінішті жағдай болмас үшін, сақтанып жүрген дұрыс.