Ұлыбританияда Oxford/Astrazeneca вакцинасы егіле бастайды

Бүгін Оксфорд университеті және AstraZeneca компаниясы дайындаған коронавирусқа қарсы вакцина британиялықтарға егіле бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Біріккен Корольдік үкіметі екпенің 100 миллион дозасына тапсырыс берген. Екпе сынағына қатысқан еріктілердің бірімен тілдескен лондондық тілшіміз Ғалымжан Қараманұлы сөз алады.

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- 42 жастағы Дипак Паливал оксфордық вакцинаның клиникалық сынағына қатысқан Лондон тұрғыны. Оның бұл шешімін алғашында отбасы мүшелері де, достары да қолдамайды. «Болашақта бала сүйе алмайсың, зерттеушілер ағзаңа электронды чип енгізіп, аңдитын болады», деген пікірлерді Паливал көп естиді. Бірақ ол басын қауіпке тігіп, британиялық және бразилиялық 11 500 еріктінің қатарына қосылады. Тәжірибе барысында екпе емес плацебо, яғни емдік қасиеті жоқ препарат қабылдағандар да болыпты. Олардың 10-ы коронавирус жұқтырып, екеуі ауыр халде ауруханаға түскен. Біреуі қайтыс болған. Бірақ Паливал сияқты вакцина қабылдағандардың барлығы дін аман.

Дипак Паливал, ерікті:

- Мен сынақтың екінші сатысының қатысушысы болдым. Бірінші кезеңінде екпе жануарларға, екіншісінде адамдарға салынды. Екінші кезең вакцинаның тиімділігін емес қаншалықты қауіпсіз екендігін анықтау үшін қажет болды. Үшіншісінде тиімділігі зерттелді және оған бес мемлекеттен 30 мыңнан астам адам қатысты. Мен сынақтың екінші кезеңіне қатысқаныма өзімді бақытты санаймын. Қазір сіздің алдыңызда сөйлеп тұрмын. Меніңше, вакцина қауіпсіз және оның тиімділігі жоғары.

Oxford/Astrazeneca вакцинасының ерекшелігі – оны Pfizer/BionTech екпесі сияқты -70 градуста емес, кәдімгі тоңазытқышта сақтауға болады. Вакцинаның 70%-тік тиімділігі оның бірінші дозасы егілгеннен кейін 22 күн өткен соң байқалады. Нәтижесінде иммунитет нығайып, ағзаның вирусқа қарсылығы күшейеді. Оксфордтық вакцина Pfizer/BionTech сияқты аллергиясы бар адамдарға зиян келтірмейді. Ағзасы бұған дейін басқа вакциналарды қабылдай алмағандар сақ болуы тиіс.

Джордж Финдли, аурухананың бас дәрігері:

- Мүмкіндігінше көп адамға екпе егуге бекініп отырмыз. Күніне жүздеген халыққа вакцина саламыз деген жоспар бар. Апта барысында олардың саны арта бермек. Өте көп адамға қызмет көрсете алатынымызға қуанамыз.

Бір ай бұрын жария етілген Pfizer/BionTech вакцинасының алғашқы дозасын миллиондаған адам алып үлгерді. Қос вакцинаның екінші дозалары бұрын жоспарланғандай, араға 21 күн емес, 12 апта салып егілетін болады. Англия қоғамдық денсаулық сақтау агенттігіндегілер, осылайша, мүмкіндігінше көп адамды екпемен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы