Францияда дәрігерлер биліктің халықты екпемен қамтамасыз ету бағдарламасын сынға алды

Францияда дәрігерлер мен ғалымдар ел билігінің халықты екпемен қамтамасыз ету бағдарламасын сынға алды.

Олар бағдарлама тым баяу жүріп жатыр деп санайды. Францияның Денсаулық сақтау министрлігі бағдарламаның тиімділігін бір апта уақыт ішінде бағалауға болмайтынын және жақын арада бұл науқан қарқын алады деп сендірді.

Ұлыбританияда мақұлданған екінші екпе – Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясының өнімі қолданысқа енгізуге дайындалуда. Өз кезегінде мұғалімдер кәсіподақтары Ұлыбритания билігін коронавирустық инфекциямен, оның ішінде аса жұқпалы деп танылған жаңа штамын жұқтыру жағдайларының көбеюіне байланысты мектептердің ашылуын кейінге қалдыруға шақырды.

Италияда екпе егу қарттар үйінің тұрғындары үшін басталды. Бұдан бұрын бірінші кезеңде осы мекемелердің медициналық қызметкерлеріне екпе егілген болатын.

Венгрия билігі Ресеймен вакцинация саласында тығыз ғылыми ынтымақтастықты жалғастыратынын растады. Елдің Премьер-министрі Виктор Орбан ресейлік вакцина барлық венгрлер үшін жеткіліксіз, сондықтан баламаны Қытайдан іздеу керектігін мәлімдеді.

Үндістан бірден екі коронавирустық вакцинаны қолдануды ресми түрде мақұлдады. Бұлар жергілікті Bharat Biotech компаниясының «Коваксин» препараты және Оксфорд университеті мен AstraZeneca компаниясының вакцинасы, бұл вакцинаны Үндістанда шығару жоспарланған. Сонымен қатар қазіргі уақытта елде бірнеше антивирустық препараттардың, оның ішінде ресейлік «Спутник V»-дің клиникалық сынақтары жүріп жатыр.