Израильде халықты вакциналау қарқынды жүріп жатыр

Израиль коронавирусқа қарсы вакциналау бойынша әлемде алда келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір бұл елде COVID-19-ға қарсы халықтың 10%-і егілген. Сондай-ақ елде карантин талаптарын қатаңдатып жатыр.

Израильде вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Бірнеше күн бұрын премьер-министр Беньямин Нетаньяху 500 мыңыншы тұрғын болып екпе алған зейнеткермен суретке түскен еді. Қазір елде дертке қарсы вакциналанған адам саны 1 миллионнан асты.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

- Біз әлемде вакиналау бойынша алда келеміз. Елімізге миллиондаған доза екпе жеткіздік. Халықты вакциналау шарасы жылдам жүріп жатыр.

Алайда Израильде бәрі ойдағыдай деп айтуға келмес. Елде вакцина жетіспей, адамдарды екпе егуге тіркеу уақытша тоқтатылған. Үкімет басшысы фармацевтикалық компаниялармен препараттың жаңа партияларын жеткізуді талықалап жатыр. Бұл ретте Израиль өз вакцинасын шығаруды жылдамдатып жатыр.

Зеев Ротштейн, «Адасса» медицина орталығының директоры:

- Біз өз вакцинамыздың қауіпсіздігіне көз жеткізу үшін ауқымды клинакалық сынақ жүргізіп жатырмыз. Оның тиімділігі дәлелденіп, қолданысқа енгізілген соң індетті тоқтатамыз деп сенемін.

Израиль дүниежүзінде алғаш болып үшінші жалпыұлттық карантин енгізді. Шектеулер қатаңдатылған. Барлық сауда орталықтар жабылып, оқу орындары арнайы кесте бойынша жұмыс істейді. Мектепке тек бірінші, екінші және жоғарғы сынып оқушылары ғана барады. Қалғандары қашықтан оқиды. Алайда вирустың таралуы әлі бәсеңдемей тұр. Күн сайын 5 мың адам дерт жұқтырып, аураханалар науқастарға толған. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі шектеу шараларын қатаңдатуды ұсынып отыр.

Авторлары: Сергей Ауслендер