Германия парламенттік сайлауға дайындалып жатыр

Шара 26 қыркүйекке белгіленген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы күні немістер бундестагтың 20-шақырылымының депутаттарын таңдайды. Содан кейін жаңа ел канцлері сайланады. Қазіргі үкімет басшысы Ангела Меркель саяси додаға түспейді. Германияны 16 жыл басқарған Меркель үлкен саясаттан кетеді. Бұл – Германиядағы халық көп талқылап жатқан мәселе. Партиялар жуық арада өз үміткерлерін ұсынуы тиіс. Саясаттанушылардың пікірінше, билеуші партия өкілдерінің жеңуге мүмкіндігі мол. Бірақ додаға кім түсетіні әлі белгісіз. Айта кетейік, Германияда партиялар парламентке өтуі үшін сайлаушылардың 5 процент дауысын жинауы керек.

Манфред Грунд, Бундестаг депутаты:

– Қыркүйектің 26-сы күні біз Бундестагтың жаңа құрамын сайлаймыз. Оған дейін әлі 8-9 айдай уақытымыз бар. Сондықтан шараға тыңғылықты түрде дайындалып үлгереміз деп ойлаймын. Сайлау дәстүрлі форматта сайлау учаскелерінде дауыс беру арқылы өтеді. Бірақ биыл пошта арқылы дауыс берушілер қарасы да көп болатын шығар.