Еуропа елдерінде вакцинаға қатысты дау таусылар емес

Еуропа тұрғындарға коронавирусқа қарсы екпе салуды бастап кетіп еді.

Бірақ көп ұзамай елдің «әлемді тығырыққа тіреген індеттен құтыламыз деген қуанышы су сепкендей басылды. Өйткені вакцинаны қолы жеткендер ғана алатын тәрізді. Еуропаның бір елінде екпе салу жұмыстары өте баяу жүріп жатса, енді бірінде препарат мұқтаждардың емес, ауқаттылардың қолына түсуде. Мұның себебі неде? Ол жайында арна тілшісі Жұлдыз Атагелдиева айтуға дайын.

Диктор:

- Жұлдыз, Еуроодақ вакцина салу науқанын қашан бастады?

Жұлдыз Атагелдиева, тілші:

- Еуроодақта халыққа екпе салу 27 желтоқсанда бастаған. Алайда 10 күн өтпей жатып дау туындады.

***

Францияда миллион тұрғынның орнына 352 адам ғана екпе алған

16 желтоқсанда Франция премьер-министрі Парламенттің төменгі палатасына халыққа вакцина салу жоспарын ұсынды. Оған сәйкес 31 желтоқсанға дейін қарттар үйінде тұратын және оларға күтім көрсететін бір миллионға жуық адам коронавирусқа қарсы вакцина алу керек еді. Алайда бұл жоспар орындалмады. Сөйтіп, 2020 жылдың 31 желтоқсанындағы мәлімет бойынша миллион адамның орнына небәрі 352 француз екпе салдырған. Ал вакцинацияның екінші кезеңі ақпанның соңына белгіленіп отыр. Ол «қауіпті топтағы» 14 миллион адамды қамтуы тиіс. Алайда көбі бұл жоспардың да іске асарына күмәнданады. Сонда биліктің сөзі мен ісінің сай келмеуіне не себеп? Франция президенті бұған Еуроодақтың вакцинаға тапсырыс беру жүйесіндегі қиындықтар түрткі болғанын айтады. «Яғни екпенің қажетті мөлшерін ала алмай отырмыз», - дейді.Ал Еуроодақ өкілдерінің бұл мәлімдеге қатысты айтар өз уәжі бар. Олардың түсіндіруінше, 6 өндірушімен келісімшарт жасалған. Алайда Еуроодақ аумағында әзірге солардың тек біреуін ғана қолдануға рұқсат бар.

Эрик Мамер, Еуропалық комиссияның ресми өкілі:

- Біз Еуроодаққа мүше елдерге коронавирусқа қарсы вакцинаның 2 милилард дозасын жеткізу туралы келісімшарттарға қол қойдық. Бұл одақ мемлекеттерінің тұрғындарын толық қамтуға жетеді. Яғни мәселе дозалардың санында емес, өндіріс қуатында. Ал, әзірге келісім жасасқан өндірушілердің тек біреуін ғана Еуроодақ аумағында қолдануға болады. Тиісінше, оған көп салмақ түсіп отыр. Препараттың жетпей жатқаны да сондықтан.

***

Халық вакцинаның қауіпсіздігіне сенбейді

Сарапшылар «Францияда вакцина салу жұмыстарының баяу жүруі тек Еуроодақтағы бюрократия себеп» деуге келмейтінін айтады. Өйткені мәселен, одаққа мүше Германияда 200 мың адамға, ал Италияда 80 мың тұрғынға екпе салынған. Вакцинациялаудың баяу жүріп жатуының тағы бір себебі – халықтың сенімсіздігі болуы мүмкін. Әлеуметтік сауалнама көрсеткендей, былтыр жазда қатысушылардың 64%-і екпе салдырамыз десе, жыл соңында тек 40%-і ғана оған дайын екенін жеткізген. Өйткені көбі препараттың қауіпсіздігіне сенбейді, яғни жағымсыз әсерлерінен қорқады.

Доминик Ланселот, қарттар үйінің қызметкері:

- Француз халқы әуелден-ақ вакциналарды аса ұнатпайды. Тұмауға қарсы екпе салудың өзінде әбігерге түсіп жатамыз. Қарт кісілерге бәрін егжей-тегжей түсіндіруіміз керек. Бұл оңай шаруа емес. Көп уақытты алады.

***

Германияда вакцина салу жұмыстары баяу жүріп жатыр

Германия билігі де вакцина салу жұмыстарының баяу жүріп жатқанына қатысты сынға ұшырады. Неміс үкіметі екпені сатып алуда дұрыс стратегия таңдамаған деген әңгімелер айтылып жатыр. Ең қызығы – қазір Еуроодақ тұрғындарына салуға рұқсат етілген жалғыз препаратты өндірушілердің бірі – жергілікті BionTech компаниясы. Ол америкалық Pfizer-мен бірігіп, вакцина дайындаған. Сондықтан неміс өндірушісінің екпесі өз халқына жетпей жатуы ұят дейді көпшілік. Ал, жергілікті билік мұнда да өндірістік қуаттың төмендігін айтып ақталды. Германия да әуелде бірнеше фармацевтикалық компаниямен келісім жасаған. Алайда қазір солардың тек біреуінің ғана вакцинасын қолдануға мәжбүр.

Штеффен Зейберт, Германия үкіметінің спикері:

- Күте тұруға тура келеді. Егер келісім жасаған компаниялардың барлығының препараттарын қолдануға рұқсат етілсе, 450 миллион тұрғыны бар Еуродақ елдері вакцинаның 2 миллиард дозасымен қамтамасыз етілер еді. Әуелде жағдайдың бұлай боларын ешкім білген жоқ. Уақыт өте келе екпені мақұлдау жұмыстарының ұзаққа созылатынына көзіміз жетті. Енді көп ұзамай тағы бір вакцинаны қолдануға рұқсат берілсе екен деп отырмыз.

***

Польшада шенеуніктер кезектен тыс екпе салдырған

Польшада басқа дау. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, мұнда екпе алғашқы болып медициналық қызметкерлеріне емес, саясаткелер мен танымал өнер жұлдыздарына егілген. Кезектен тыс екпе алғандардың өздері мұны жарнама үшін, яғни препарттың қауіпсіз екенін көрсету үшін жасадық деген уәж айтады. Алайда бұған халықтың сенгісі жоқ.

Негізі осыған дейін Грекияда да осындай жанжал шыққан. Ұлттық жоспарға сай, препаратты алдымен медицина қызметкерлері мен қарттар үйінің тұрғындары алуға тиіседі. Алайда биліктің бастамасымен вакцинаны алғашқылардың бірі болып саяси партия жетекшілері мен үкімет мүшелері салдырған. Олар да препараттың сапасына күдік болмасын десе керек. Алайда мұның соңы дауға ұласып, шенеуніктер екпе салу науқанына қатыстырылмайтын болды.