Кореядағы шектеудің тиімділігі. Тікелей эфир

Оңтүстік Кореяда үкімет коронавирустың таралуын бақылауға алды. Мұнда COVID-19 күніне мыңға жуық адамнан тіркеледі. Сарапшылардың пікірінше, пандемияның үшінші толқыны бәсеңдеп келеді. Бұған кейбір шектеулер әсер етіп отыр дейді дәрігерлер. Бірақ бұл шараларға наразылық білдірушілер де бар. 

- Оңтүстік Кореядағы індетпен байланысты соңғы мәліметтері қандай?

Владислав Цой, тілші: 

- Ауруларды бақылау және алдын алу басқармасы коронавирус туралы соңғы мәліметтерді әдетте сағат 10-да жариялайды, бұл Нұр-Сұлтан уақытымен таңғы 7. Яғни бірнеше минут бұрын COVID-19 бір тәулікте тұрғындарынан анықталғаны белгілі болды. Естеріңізге сала кетейін, Корея Республикасында шамамен 51 жарым миллион адам тұрады. Эпидемиологтар кейбір шаралардың енгізілуіне байланысты коронавирусты жұқтырғандар саны азайды деп санайды. Соның бірі төрт адамнан артық жиналуға шектеу. Жолаушылардың шет елдерден кіруі қатаңдатылды. Енді Оңтүстік Кореяның әуежайларына келетіндердің барлығы ПТР-тестілеудің теріс нәтижесі бар анықтаманы ұсынуы керек. Бұл құжат 72 сағат ішінде ғана жарамды. Бұрын бұл ереже тек кейбір мемлекеттер азаматтарына қатысты болатын. Іс-шараларды күшейту Ұлыбритания мен Оңтүстік Африкада COVID-19-дың жаңа штамдарының табылуымен байланысты. Коронавирустың жаңа түрі қазірдің өзінде 12 кореялықтан анықталған. Аурулардың көпшілігі Сеулде және көршілес Кёнги провинциясында тіркелген. Бұл аймақта пациенттердің үштен біріне жуығы тұрады. Ауру жұқтырғандардың көпшілігі қарт адамдар мекемелерінде, шіркеулер мен түрмелерде анықталған. 

Ли Сан Вон, Корея Республикасы Ауруларды бақылау және алдын алу басқармасының өкілі

- Сеулдің Янчхон ауданында қарт адамдарға арналған мекемеде вирус жұқтырған 17 адам табылды, бұл пациенттердің жалпы саны 33-ке жетті. Чоннан ауданының діни мекемелерінде екі жаңа жағдай бар, барлығы 63 жағдай. Кёнги провинциясындағы Янджу қаласындағы құрылыс алаңында 37 адамның коронавирусқа тестілеу оң нәтижесін көрсетті.

- Дәрігерлер індетті жаппай жұқтыру фактілерін көбеюін қалай түсіндіреді?

Владислав Цой, тілші:

- Негізінен, әлеуметтік арақашықтық ережелерін сақтамауымен. Кейбір діни мекемелер 4 немесе одан да көп адамның бір бөлмеге жиналуына тыйым салуды елемейді. Олар спорт клубтарындағы ережелерді де бұзады. Бүкіл елде жабық ғимараттарда спортпен айналысуға тыйым салынды, тек таэквондо мен балет сабақтарын өткізуге болады. Осы ережені бұзғаны үшін кәсіпкерлер шамамен 2750 доллар көлемінде айыппұл төлейді, ал келушілер шамамен 80 доллар төлеуі керек. Бірақ спорт залдарының иелері мұны әділетсіз деп санап, Сеулдегі наразылық акциясына шықты. Шынында да, олардың айтуынша, келушілер коронавирустың алдын алу шараларын сақтайды. Қолды зарарсыздандырып, маска киеді және барлық тренажерлар арнайы ерітіндімен өңделеді. Сондықтан тыйым салынғанына қарамастан 300-ден астам залдар келушілерді қабылдауды жалғастыруда. Ауруларды бақылау және алдын алу басқармасы кәсіпкерлердің шағымын қарастыруға уәде берді.

Пак Джу Хен, Пилатес және фитнес бизнес қауымдастығының басшысы: 

- Біздің түрме формасын киіп, темір тордың артында тұрғанымыздың себебі біз өзімізді тұтқын ретінде сезінеміз. Нақты стандарттарсыз шектеулерге біз қарсымыз. Сондықтан біз бүгін шынымен әділ әрі тиімді саясатты жүргізуді сұраймыз. 

Владислав Цой, тілші: 

- Шектеу 17 қаңтарға дейін қолданылады. Бірақ кейін ол ұзартылуы мүмкін. Өйткені қазір Оңтүстік Кореяда жылдың ең суық мезгілі басталды. Сондықтан иммундық жүйе әлсіреді және кез келген вирусты, оның ішінде COVID-19-ды жұқтыру қаупі жоғары.