Киевте жаңа жылдың сәнін келтірген табиғи шыршаны қабылдау бекеттері ашылды

Жаңа жылда әрленген жасыл шыршалар Украинада қайта кәдеге жаратылып жатыр. Киев қаласында жергілікті биліктің ұйытқы болуымен жасыл желектерді қайта қабылдау бекеттері жұмысын бастады. Кез келген тұрғын қабылдау бөлімдеріне шыршаны тегін өткізе алады, нәтижесінде өсімдік қайта өңделіп, шыршадан топырақты тыңайтқыш әзірленбек.

Жаңа жыл қарсаңында сұлу боп әрленіп, көп үйдің төріне тігілген шырша, мерекеден соң керексіз болып, қоқыстан табылары анық. Алайда жасыл шыршаның одан әрі де пайдасы шаш етектен екен. Сондықтан Киев қаласының әкімшілігі шаһар бойынша 15-ке жуық қабылдау пунктін ашқан, кез келген тұрғын қылқан жапырақтарды тегін өткізіп, табиғатқа аз да болса үлесін тигізе алады.

Алексей Лукаш, жасыл өсімдіктерді күтіп баптауға арналған коммуналдық кәсіпорынның басшысы:

- Шыршаларды тұрғындардан жинау шарасы 5 жыл бойы ұйымдастырылып келеді. Жасыл ағаштарды ары қарай өңдеп, кәдеге жаратамыз. Өткен жылға статистика бойынша  400 түп шырша жиналған.

Атап өту керек, шыршаны қабылдаудың бір ғана бөлімшесі 400-ден 500-ге жуық түп шыршаны қабылдаған. Бұдан 0,2 куб немесе 20-25 қап тыңайтқыш өңдеп алуға болады. Мысалы, қабылдау пункттерінде мынадай тракторға тыңайтқыш бірден туралып, тиеледі. Көріп тұрғындай, шыршаны арамен бөліп алғаннан кейін олар ұсақ кесіледі, ары қарай қаланың жасыл өсімдіктерін тыңайтуға жеткізілмек.

Надежда Ругно, агроном:

- Мұндай шараның табиғатқа да, тазалыққа да тигізетін пайдасы мол. Шыршалар қоқысқа құр тасталмай, пайдаға жаратылады. Біз оларды өңдеп, қаладағы өсімдіктерді тыңайтуға пайдаланамыз. Қылқан жапырақты ағаштардың әсіресе тікенектері пайдалы. Олар топырақты ылғалдандырып, ағаштардың жылдам өсуіне пайдасын тигізеді.

Шыршаларды қабылдау пунктері айдың аяғына дейін жұмыс жасайтын болады. Мемлекеттік орман агенттігінің мәліметі бойынша биыл орман шаруашылығы ресми түрде 500 мың түп шыршаны кескен. Олардың көбісі арнайы плантацияларда 8-10 жыл бойы арнайы бапталып өсірілген.

Авторлар: Аида Қыдырбай, Петр Борейко

Сондай-ақ...