Израиль халыққа коронавирус вакцинасын салудан әлемде алда келеді

Израиль халықты коронавируске қарсы вакциналау бойынша әлемде алда келеді. Алайда бұл жетістік биліктің карантин шараларын қатаңдатуына кедергі бола алмады. Себебі елде вирусты жұқтырғандар саны қайта өскен.

Израиль денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтері билікті қатты алаңдатып отыр. Елде соңғы бір тәулікте вирусты 8 мың адам жұқтырып, жүздеген науқастың халі нашарлаған. Ауруханалар науқастарға лық толған. Емдеу орындарында аса қажетті операциялардан басқа ем-шаралар тоқтатылып, анестезиологтардың бәрі «ковид-19»-бен күреске жұмылдырылған.

Юлий Эдельштейн, Израиль денсаулық сақтау министрі:

- Мен елдегі коронавирусқа байланысты жағдайдың қаншалықты нашар екенін әлі түсіне алмай жатқандарға мынаны айтқым келеді. Егер біз қазір шұғыл шаралар қабылдамасақ науқастар саны артып, жақын күндері өлім-жітім күрт өседі.

Израильде халықты вакциналау ісі қарқынды жүріп жатыр. Қазірге дейін халықтың 12 процентіне екпе егілген. Дәрігерлер мен жасы 60-тан асқан қарттардың  барлығы вакциналанған. Соңғы 10 күнде 1 миллионнан аса адам егілген. Бірақ сарапшылар ұжымдық иммунитет тек 3-4 аптадан кейін ғана қалыптасатынын айтады. Ал осы уақытқа дейін мыңдаған науқас қайтыс болады деп дабыл қағуда. Сондықтан үкімет карантин шараларын қатаңдатуды шешті.

Юлий Эдельштейн, Израиль денсаулық сақтау министрі:

- Біз жаппай карантин енгізуіміз керек. Барлық оқу орындары жабылып, кез келген іс-шара мен той-думанға тыйым салынуы қажет. Індеттің таралуын осылай ғана тоқтата аламыз.  

Израильде шынымен індет басталғалы ең қатаң шаралар енгізілмек. Полицейлерге тәртіп бұзғандарды қамауға дейін рұқсат беріледі. Іске арнайы қызмет өкілдері де жұмылыдырылып, олар оқшауланған науқастарды қадағалайтын болады.

Автор: Сергей Ауслендер

Сондай-ақ...