COVID-19: желілерде алаяқтар 150 долларға вакцина жеткізуге уәде беріп жүр

Әлемде коронавирусқа қарсы вакцина салу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Израильде екпе алғандардың саны бір миллионнан асады. Ұлыбританияда да осыған шамалас. Бірақ екпе салу науқаны қарқын алғанына қарамастан, аталған елдерде қайтадан жалпыұлттық локдаун жарияланды.

Әлемде коронавирусқа қарсы вакциналау бойынша көш бастап тұрған ел – Израиль. Мұнда халық саны 9 миллионнан асады. Бүгінде солардың 15 проценті екпені алған. Алайда соған қарамастан індетті жұқтыру деректерінің саны азаймай тұр. Керісінше, соңғы уақытта күрт артып барады. Кеше 8 мың 300 адамнан індет анықталып, бұл ең үлкен тәуліктік өсім болды. Билік жалпыұлттық карантин талаптарын тағы қатаңдатады.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:

– Бір сағатқа да кідірмей, шұғыл әрекет етуге тиіспіз. Вируспен күресте қатаң шара керек. Бізге тек министрлер ғана емес, қарапайым тұрғындардың да көмегі қажет.

«Пфайзер» және «Байонтек» компанияларының бірлескен вакцинасын қолдануға рұқсат берген алғашқы ел – Ұлыбританияда үшінші жалпыұлттық локдаун жарияланды. Өйткені мұнда коронавирустың жаңа штамы тез тарап барады. Кеше 60 мың адамның індетті жұқтырғаны анықталды. Бұл – эпидемия басталғалы тіркелген ең үлкен көрсеткіш.

БЛИЦ:

– Мына коронавирус деген бізді шаршатты. Балалармен үйден шықпай отыру оңай емес. Алға жылжудың орнына кері кетіп бара жатқандаймыз.

– Бәрі тағы да қайталанып отыр. Бұл халықтың психологиялық жағдайына әсер етпей қоймайды.

Британдық штамм өзге елдерді де алаңдатып отыр. Германияда локдаун 31 қаңтарға дейін ұзартылды.

Ангела Меркель, Германия канцлері:

– Қауіптің беті қайтпай тұр. Шектеу шараларын күшейтпесе болмайды. Өйткені Ұлыбританиядағы жаңа мутация жайлы бәріміз білеміз. Ол тез тарайды. Сондықтан желтоқсанда қабылдарған шаралар 31 қаңтарға дейін ұзартылады.

Әлемде эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауына байланысты вакцинаға деген сұраныс артты. Бұл жағдайды алаяқтар өз пайдасына пайдаланып отыр. Олар электрондық пошта мен мессенджерлер арқылы хабарламалар таратып жатыр. Қаскөйлер бірнеше апта ішінде 150 долларға вакцина жеткізуге уәде береді. Енді біреулер вакциналауға кезегін жылдам жылжыту үшін ақша сұрап жатқан көрінеді.

Жұлдыз Атагельдиева, Әсем Хасенқызы

Сондай-ақ...