Қырғызстандағы президенттік сайлау: статистика не дейді?

Төрт күннен соң Қырғызстанда кезектен тыс президенттік сайлау мен референдум өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрші ел азаматтары мемлекеттің басқару жүйесі қандай болатынына таңдау жасайды.

Қырғыз елінде президенттікке үміткерлердің үгіт-насихат науқаны өткен жылдың 15 желтоқсанында басталды. Содан бері тәуелсіз байқаушылар атына небәрі 53 шағым түскен. Саяси додаға 18 кандидат қатысып жатқанын және олардың тек бесеуі ғана саяси ықпалға ие екенін әрі қаржылай ресурс пен мыңдаған жақтасы барын ескерсек, ереже бұзу айтарлықтай көп емес. Статистика бойынша, олардың 31-і әкімшілік ресурстарды теріс пайдалануға қатысты, 15-і сайлаушыларға пара беру деректері. Қалған жетеуі сайлаушыларға қысым көрсетілгені туралы хабарламалар.

Таалай Асылбеков, заңгер:

– Осы елу үш ереже бұзушылықтың он төрті Орталық сайлау комиссиясының жедел реттеу үйлестіру тобының қарауына түсті. Сөйтіп олар Орталық сайлау комиссиясының реестрінде тіркеліп, жергілікті ішкі істер органдарына жіберілді.

Жуырда өткен парламенттік сайлау кезінде жаппай наразылық акцияларына дәл осы нөмір екінші форманы теріс пайдалану деректері түрткі болған еді. Бұл форма сайлаушының тұрғылықты мекенжайы бойынша дауыс бере алмаған кезінде қолданылады. Жалпы заңда оны қолдануға қатысты нақты нормалар көрсетілмегендіктен, көптеген ережебұзу тіркелді. Сондықтан кезектен тыс президенттік сайлау алдында ел парламенті қандай да бір қақтығыс пен дауыс беру нәтижесін бұрмалауды болдырмау мақсатында нөмір екінші форманы алып тастауды шешті. Нәтижесінде сайлау мен референдум өтетін күні өз үйінде болмайтын қырғыздар дауыс беру құқығынан айырылып қалды.

Аида Сүйіндуева, тәуелсіз бақылаушы:

– Орталық сайлау комиссиясы жариялаған мәліметтерге сүйенсек, нөмір екінші форма бойынша 300 мыңдай сайлаушы дауыс бере алмайды. Биометрикасы жоқ 450 мың кісі де өз таңдауын жасай алмайды. Сондықтан осы сайлау науқанынан соң шұғыл түрде ішкі мигранттардың сайлауға қатысуын қамтамасыз ететін механизм жасауымыз қажет. Мүмкін нөмір екінші форманы қайта қолданысқа енгізіп, оны алу талабын күшейту керек шығар.

Қырғыз жерінде әлі күнге дейін жарты миллиондай кісі өз биометрикалық деректерін өткізбеген. Кез келген сайлауға қатысу үшін дәстүрлі ақпармен бірге саусақ іздерін де өткізу талабы көрші елде осыдан 5 жыл бұрын енгізілген еді. Алайда күні бүгінге дейін Мемлекеттік тіркеу қызметінің дерекқорына дауыс беру құқығына ие азаматтардың бәрі енбеген. 

Бакыт Чермашев