Джо Байден: Капитолийде болып жатқан тәртіпсіздіктер АҚШ-тың шынайы көрінісі емес

АҚШ астанасында төтенше жағдай. Бүгін Конгресстегі қос палатаның сайлауға қатысты отырысы аяқ астынан үзілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Президент Дональд Трамп жақтастарының Капитолий жотасындағы наразылық шарасы тәртіпсіздіктерге ұласып, шерушілер Конгресс ғимаратына басып кірген. Полициямен қақтығыс болып, 1 адам қаза тапты.

Дәурен Ақашұлы, тілші:

- Бүгін АҚШ Конгрессінің Сенат пен Өкілдер палатасының біріккен отырысында 50 штаттың атынан келген дауыс берушілер алқасы президенттік сайлаудың қорытындысын жариялау керек еді. Алайда сайлау нәтижесімен келіспеген Дональд Трамптың мыңдаған жақтаушылары Капитолийге бет алып, ғимаратты басып алды.

Нәтижесінде дауыстарды санау тоқтатылып, Конгресс мүшелері эвакуацияланды. Ашуға булыққан жұрт пен полиция арасында қақтығыс болып, бір адамға оқ тиген. Жарақат алғандар да бар. Елдің жаңадан сайланған президенті Джо Байден бірден тәртіпсіздіктерге қатысты пікірін білдіріп, халықты сабырлыққа шақырды.

Джо Байден, жаңадан сайланған президент:

- Капитолийде болып жатқан тәртіпсіздіктер АҚШ-тың шынайы көрінісі емес. Біз осыншалықты төмен деңгейге түскеніміз бе? Дәл қазір біздің демократиямыз үшін қауіп-қатер төніп тұр. Бұл жай ғана хаос емес, бұл қылмыс. Қазір бізге бүкіл әлем қарап отыр. Біздің демократиямыз осындай төмен деңгейге жетті. Бірақ біз бұл қиындықтан да өтеміз. Біздің келесі төрт жылдағы жұмысымыз да осыған бағытталады.

Ал толқуға Ақ үй басшысының мәлімдемелері түрткі етті десе болады. Дональд Трамп қараша айында өткен президенттік сайлаудың алғашқы қорытындысы жариялана салысымен, заңбұзушылықтар болғанын айтып, онымен келіспейтіндігін мәлімдеген. Өз жақтастарын наразылық шарасына қатысуға үндеген. Алайда бүгінгі тәртіпсіздіктердің шектен шыққанын көрген Трамп халықты ақылға келуге шақырды.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Құрметті отандастар, бұл сайлаудың әділетсіз өткені рас, бірақ дәл қазір бізге тыныштық қажет. Бізге бейбіт өмір керек. Сол себепті барлықтарыңыздан сұрайтыным, тәртіпсіздіктерді доғарып, үйлеріңізге қайтыңыздар. Сіздердің дәл қазір қандай сезімде екендеріңізді білемін. Бірақ тіртіпсіздік арқылы ешнәрсіе өзгермейді.

Демократиялық партия өкілдері де Трамп жақтастарының бассыздығын сынға алып, тәртіпсіздіктерге Ақ үй басшысын кіналады. Өкілдер палатасының мүшесі демократ Ильхан Омар Трампқа импичмент жариялауды ұсынды. 

Ильхан Омар, АҚШ Конгрессінің мүшесі:

- Мен Трампқа қарсы импичмент жариялау үшін құжаттарды дайындап жатырмын. Өкілдер палатасы оған сенімсіздік жариялап, Сенат қызметінен босатуы тиіс. Біз оған бұл жоғары лауазымда қала беруге рұқсат бермеуіміз керек. Бұл біздің мемлекетіміздің қауіпсіздік мәселесі.

Ал соңғы ақпарға қарағанда, Капитолийдегі тәртіпсіздіктер кезінде жарақат алған әйел ауруханада көз жұмған. Трамп жақтастарының Конгрессті алғашқы басып алудан кейін ғимарат маңын ұлттық гвардия қорғауға алып, АҚШ астанасында коменданттық сағат енгізілген.

Авторлары: Дәурен Ақашұлы, Талғат Алманов