Испанияда кондитерлер нанның ішіне 10 мың еуро жасырды

Испанияның Леон провинциясындағы Ла-Баньеса қаласында Confitería Conrado атты кондитерлік наубайхана бар. Рождество қарсаңында бұл шағын кәсіпорынның иесі 10 мың еуро ақшаны наубайхана клиенттерінің арасында ұтысқа салуды ұйғарыпты. Сөйтіп, қомақты ұтыс роскон пісірмесінің (Roscón de Reyes) ішіне салынды.

Жалпы наубайхана иесі Серхио Гонсалес 2009 жылы да нанның ішіне ақшалай ұтысты жасырған екен. Бірақ ол кезде «тосынсыйдың» сомасы небәрі 500 еуро болған. Мұны естіген адамдар сол кезде ішіне ұтыс салынған пісірмені сатып алудан дәмеленіп, Испанияның түкпір-түкпірінен келіпті. 

Ал қазір наубайхана өнімін сайт арқылы елдің кез келген жеріне тапсырыспен алдыртуға болады. Арақашықтығына қарай ең ұзағы 24 сағатта жеткізіледі. Осының барлығын есепке алған қожайын енді мұндай маркетинг әдісінен көп ақша түсеріне күмәнданбайды. Себебі адамдар «рождестволық ғажайыпқа» сеніп, 10 мың еуроны ұтып алудан үмітін үзбейді. Сәйкесінше росконды көптеп алады.

Айта кету керек, роскон – бұл әзірленуі оңай тоқбасар пісірме нан. Ең бастысы, қамырдың ашуын қадағалап, пісірген кезде белгілі бір температураны ұстанған жөн. Дұрыс піскен мұндай росконды тіпті бір апта бойы жеуге болады.

espanarusa.com

Аударған: Г.Абилова

Сондай-ақ...