Францияда коменданттық сағат тағы екі аптаға ұзартылды

Бұған аймақтағы эпидахуал себеп болып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді мұражай, театр, кинотеатр мен спортзалдар қантардың соңына дейін ашылмайды. Ал кафе мен мейрамханалардың жұмысы ақпанның ортасында ғана жанданбақ. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Францияда бір тәулікте тіркелген науқастардың саны қайта 20-25 мыңға дейін артып кеткен. Коменданттық сағат елдің көптеген өңірінде кешкі сағат 8-ден басталса, қауіптілігі жоғары аймақтарда кешкі сағат 6-дан басталады. Жергілікті билік елде жарияланған шектеу шаралары әлі де қатаңдатылуы мүмкін екенін ескертіп отыр.

Жан Кастекс, Франция премьер-министрі:

– Жағдай ушыға түссе, карантиндік шектеу шаралары кез келген уақытта тағы да қатаңдауы тиіс. Әрине мұны ешкім қалап отырған жоқ. Алайда эпидемиологиялық ахуал мәжбүрлеуі мүмкін. Вирус өрши бастаса, өзге елдер сияқты біз де шұғыл әрекет етуіміз керек. Екпе егу науқаны басталғанмен жер жаһанда жайлаған эпидемия ешқайда кеткен жоқ. Сондықтан босаңсуға әлі ерте.

Онсыз да мәз емес жағдайды Ұлыбританияда шыққан коронавирустың жаңа штамы да ушықтырып тұр. Бүгінде Францияда індеттің мутацияға ұшыраған жаңа түрін 19 адам жұқтырған. Енді Біріккен корольдіктен келген кез келген азамат ковидке қарсы тапсырылған тесттің теріс нәтижесін көрсету керек. Елдің денсаулық сақтау министрі Оливье Веранның айтуынша, жаңа штам бұрынғы вирусқа қарағанда 70 процентке тез таралуда.