АҚШ-та саясаткерлер Трампты қызметінен шеттетуге шақырды

АҚШ астанасындағы өткен күнгі тәртіпсіздіктерден кейін шаһардағы жағдай тұрақталған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалада қауіпсіздік күшейтіліп, Конгресс орналасқан Капитолий үлкен қабырғамен қоршалған. Алайда толқулардан кейін елдегі саяси ахуал күрделенді. Демократиялық партия өкілдері Конгрестегі тәртіпсіздектер үшін президент Дональд Трампты айыптап, Ақ үй басшысына импичмент жариялауға шақырып жатыр. Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси елдің вице-президенті Майк Пенстен Конституцияның 25-і бабына сүйеніп президент Трампты қызметтен шеттетуді ұсынды. Ал АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Джо Байден Конгрестегі шабуылға Трамптың әрекеттері итермелегенін айтып сынға алды.

Джо Байден, АҚШ-тың жаңа сайланған президенті:

– Кеше АҚШ тарихындағы ең ауыр күннің бірі болды. Біздің демократияға шабуыл жасалды. Мұндай әрекет бұрын-соңды болмаған. Бұл – Американың ең қасиетті орнына шабуыл. Вашингтонда болған оқиға жай наразылық таныту емес, нағыз қоқан-лоқы көрсету, шектен шығушылық. Ғимаратты бүлдіріп, күш қолданғандарды шерушілер деп айтуға келмес.

Еске сал кетейік, өткен сәрсенбі күні АҚШ Сенаты мен өкілдер палатасы бірлесіп былтыр қараша айында өткен президенттік сайлаудың қорытындысын жариялау керек еді. Алайда қос палата өкілдері мәселені талқылауға кіріскен кезде Трамп жақтастары Капитолидегі Конгреске шабуыл жасап, ғимаратқа басып кірді. Полициямен қақтығыс болып, 4 адам қаза тапты. Ондаған кісі жараланып, 60-тан астам бұзақы қамауға алынды.