Йеменнің оңтүстігіндегі түрме маңында жарылыс болды

Йеменнің оңтүстігіндегі әкімшілік астана саналатын Аден қаласының орталық түрмесінің маңында жарылыс болды.

Бұл жаққа үкіметтің жаңа мүшелері келіп кеткен болатын, деп хабарлайды Reuters.

Агенттік мәліметінше, жарылыстан түзеу мекемесінің қабырғасы құлаған. Көз жұмғандар мен зардап шеккендер жайлы мәлімет жоқ.

Бұған дейін Аден қаласының әуежайында жойқын жарылыс болып еді, салдарынан қаза тапқандар саны 25 адамға жетті. Жарақат алғандар қатары жүзден асады. Ел билігі оппозициялық хуситтер ұйымы 4 баллистикалық зымыран атқылағанын айтады. Бұл кезде жаңадан жасақталған үкімет министрлері отырған ұшақ Сауд Арабиясынан ұшып келе жатқан. Бірақ әуе кемесіне зақым келмеген, шенеуніктерден де ешкім зардап шекпеген. Осы шабуылдан кейін президент сарайының маңында екінші жарылыс болып, соңы атысқа ұласты.