Трамп Байденнің жеңісін мойындады

АҚШ президенті Дональд Трамп президенттік сайлауда басты қарсыласы болған Джо Байденнің жеңісін мойындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Трамп твиттерде жариялаған телеүндеуінде президенттік өкілеттікті Байденге заңды түрде тапсыратынын уәде етіп, жаңа президент өз қызметіне қаңтардың 20-сы кірісетінін жеткізді. Осылайша Дональд Трамп басты саяси додада жеңіліске ұшырағанын сайлаудан кейін екі ай өткен соң ғана мойындап отыр.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

– Мен Капитолийге жасалған сұмдық шабуылды айыптаймын. Америка – үнемі заң мен тәртіпке берік мемлекет. Капитолийге басып кірген бұзақылар америкалық демкоратияны аяққа таптады. Олар тиісті жазасын алады. Менің командам сайлаудың қорытындысын тек заңды жолдармен қайта қарауға күш салды. Конгресс сайлаудың қорытындысын бекітті, жаңа әкімшілік қаңтардың 20-сында қызметіне кірседі.

Еске сала кетейік, өткен сәрсенбі күні АҚШ Сенаты мен өкілдер палатасы бірлесіп, былтыр қараша айында өткен Президенттік сайлаудың қорытындысын жариялау керек еді. Алайда қос палата өкілдері мәселені талқылауға кіріскен кезде Трамп жақтастары Капитолийдегі Конгреске шабуыл жасап, ғимаратқа басып кірді. Полициямен қақтығыс болып, 4 адам қаза тапты. Ондаған кісі жараланып, 60-тан астам бұзақы қамауға алынды.