Капитолийдегі тәртіпсіздіктен кейін АҚШ-тағы ахуал қандай?

Капитолийдегі тәртіпсіздіктерден кейін демократтар Трамптың мерзімінен бұрын қызметінен кетуін талап етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар «20 қаңтар күні болатын ұлықтау рәсіміне дейін президенттік өкілеттік вице-президентке уақытша берілсін» деп отыр. Дональд Трамп жеңілгенін мойындап, шабуылға қатысқандардың барлығы заң алдында жауапқа тартылатынын айтты.

Капитолийдегі тәртіпсіздіктен кейін АҚШ-тағы ахуал қандай? Бұл туралы арна тілшісі Жұлдыз Атагельдиева баяндауға дайын.

Диктор:

- Жұлдыз, қазір Капитолийге жасалған шабуылдан кейін қазір жағдай бақылауға алынды ма?

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Иә, жағдай бақылауға алынды. Енді билік ұлықтау рәсімі кезінде ұқсас жағдайдың қайталанбауы үшін қауіпсіздікті күшейтіп жатыр.

***

Дональд Трамп жауапқа тартылуы мүмкін

6 қаңтарда Дональд Трамп жақтастары Капитолийге басып кіріп, Конгресске шабуыл жасаған еді. Дәл осы кезде АҚШ Сенаты мен Өкілдер палатасы былтыр қарашада өткен президенттік сайлаудың қорытындысын жариялауы тиіс-тін. Алайда шабуыл салдарынан бұл мүмкін болмады. Тәртіпсіздік кесірінен 5 адам қайтыс болды. Соңғы мәлімет бойынша жарақат алған полицей ауруханада көз жұмған. Осы оқиғадан кейін Дональд Трамп халыққа бейнеүндеу жолдап, кінәлілердің барлығы жауапқа тартылатынын айтты. Алайда құқық қорғаушылар «Трамп мырзаның өзі заң алдында жауап беруі мүмкін» дейді. Өйткені ол өз жақтастарын президенттік сайлау нәтижелеріне қарсы бас көтеруге шақырса керек. Енді тергеу барысында Ақ үйдің қазіргі басшысының шабуылға қатысы бары дәлелденсе, оған айып тағылуы мүмкін. Бірақ президент халыққа үндеуінде тәртіпсіздіктерді қатаң сынға алды.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Мен Капитолийге жасалған сұмдық шабуылды айыптаймын. Америка үнемі заң мен тәртіпке берік мемлекет. Капитолийге басып кірген бұзақылар америкалық демократияны аяққа таптады. Олар тиісті жазасын алады. Менің командам сайлаудың қорытындысын тек заңды жолмен қайта қарауға күш салды. Конгресс сайлаудың қорытындысын бекітті, жаңа әкімшілік 20 қаңтарда қызметіне кірседі.

***

Байден Трампты сынға алды

Ал Джо Байден Конгресттегі тәртіпсіздік Трамптың әрекетінен туғанын айтып, оны сынға алды.

Джо Байден, АҚШ-тың жаңа сайланған президенті:

- Бұл АҚШ тарихындағы ең ауыр күннің бірі болды. Біздің демократияға шабуыл жасалды. Мұндай әрекет бұрын-соңды болмаған. Бұл заңға, Американың ең қасиетті орнына шабуыл. Вашингтонда болған оқиға жай наразылық таныту емес, нағыз қоқан-лоқы көрсету, шектен шығушылық. Ғимаратты бүлдіріп, күш қолданғандарды шерушілер деп айтуға болмайды.

***

Демократтар: Трамп мерзімінен бұрын қызметінен кетсін!

Ал, демократтар Дональд Трамптың мерзімінен бұрын қызметінен кетіп, Конституцияның 25-бабына сәйкес оның өкілеттігі вице-президентке тапсырылуын талап етіп отыр. Бұл түзету Конституцияға 1967 жылы енгізілген. Бірақ осы күнге дейін бірде-бір рет қолданылған жоқ. Ал, бұған вице-президенттің өзі қарсы көрінеді.

Билл Бэрроу, AP Ақпараттық агенттігінің саяси шолушысы:

- Дональд Трампты өкілеттігінен айырудың екі әдісі бар. Оның бірі – Конституцияға енгізілген 25-ші түзету. Оған сәйкес президент қызметінен толық шеттетілмейді, тек үкіметті басқару тетіктерінен айырылады. Бұған тез жету үшін вице-президент Майк Пенс үкімет отырысын шақырып, Трампты қызметінен уақытша шеттету бойынша көпшілік дауыс жинау керек. Сонда Пенс президент қызметін уақытша атқарады. Алайда Трамп бұл шешімге келіспей, мәселені Конгресс қарауына шығаруы мүмкін. Сонда бұл іс созылып кететін түрі бар. Алайда 20 қаңтарда өтетін ұлықтау рәсіміне дейін Трамптың биліктегі мерзімінің аяқталуына санаулы күн қалғанын білеміз. Ал импичмент жариялауға одан да көп уақыт кетеді. Сондықтан мұндай шараның мәнісі бар ма деген сауал туындайды.

***

Трамптың аккаунты бұғатталды

Әзірге демократтар Ақ үй басшысын мерзімінен бұрын қызметінен шеттету жағын талқылап жатқанда, ірі әлеуметтік желілер Трамптың аккаунтын бұғаттап тастады. Мәселен, президент Фейсбук және Instagram-дағы парақшаларын ұлықтау рәсіміне дейін, яғни 20 қаңтарға дейін қолдана алмайды. Өйткені Трамп мырза әлеуметтік желілер арқылы жақтастарын үгіттеуі мүмкін деген күдік бар. Вашингтон басшылығы да сақтық қамына кіріскен. Капитолийдегі жағдай қайталанбас үшін ұлықтау күні қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мәселен, ғимарат төңірегінде биік металл қоршау орнатылды. Тәртіптің сақталуын Ұлттық гвардияның 6 мыңнан аса жауынгері қамтамасыз етеді. Бұл әдетте ұлықтау рәсімі кезінде тартылатын сарбаздар санынан екі есе көп.

Джонатан Дэниел, Вашингтон тұрғыны:

- Негізі Капитолийдегі оқиғалар қауіпсіздіктің қандай деңгейде екенін көрсетті. Президенттің ұзақ уақыт бойы сайлау нәтижелерімен келіспей, наразылық танытуға шақырып жатқанын көбі білді. Яғни, осындай тәртіпсіздіктердің болатынын жақсы түсіндік. Бірақ Капитолийдің қауіпсіздік қызметі оған дайын болмағаны қалай? Бұл таңғаларлық жағдай. Енді ұлықтау рәсімі кезінде мұндай оқиға қайталанбаса екен.

Расымен, соңғы оқиғалардан кейін қауіпсіздік қызметінің жұмысы қатаң сынға ұшырап, Капитолий полициясының басшысы отставкаға кететінін мәлімдеді. Өтініш берген ол ғана емес. Қатарында Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің 4 бірдей жоғары лауазымды қызметкері, екі министр мен президенттің арнайы уәкілі де бар.

Бүгінгі шолу осындай болды. Қалай болғанда да Трамп мырза президенттік өкілеттікті Байденге заңды түрде тапсыратынын уәде етіп отыр. Сондықтан Капитолийдегі жағдай енді қайталанбайды деген үміттеміз.