Әлем елдерін аяз бен қар әбігерге салды

Әлемнің көптеген елдерінде сақырлаған сары аяз орнады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Канадада температура бағаны минус 47-ге жеткен. Тіпті суық жел соққанда 60 градус болып сезіледі. Ал Жапонияда қалың қар мен боран жұртты әбігерге салды. Күншығыс елінде 200-ден астам әуе рейсі кейінге шегерілген. Еуропа мен Азияда әлек салған қысқы қолайсыз ауа райы туралы Ернат Мелсұлы баяндайды.

Ернат Мелсұлы, тілші:

- Қытайда 2 күннен бері аяздың беті қайтпай тұр. Елдің солтүстік-шығысындағы Хэйлунцзян провинциясында аяз 46 градусқа дейін күшейді. Ал солтүстіктегі Гэньхэ қаласында сынап бағанасы минус 46 градустан асты. Шаһар аспанын тұман, көшесін мұз басқан. 100 метрге дейін айналаны көру өте қиын.

Ли, такси жүргізушісі:

- Өте суық. Үскірік жел өңменіңнен өтеді. Адамдардың көбі сыртқа шыққысы келмейді. Аяздан қорқады.

Бейжіңде аяз соншалықты қатты емес, -19. Бірақ жергілікті метрологиялық департамент мұндай ауа райы соңғы рет 52 жыл бұрын тіркелген деп дабыл қағып жатыр. Мамандар Қытай астанасындағы аяз 13 қаңтарға дейін сақталады дейді.

Аяз Испания тұрғындарын да әбігерге салды. Атлант мұхитынан соққан суық жел жауын мен қарды қоса ала келді. Елдің Метрологиялық агенттігінің мәліметі бойынша Пиреней түбегінде температура бағаны -35-ке дейін төмендеген. Аймақта мұндай аяз соңғы рет 1956 жылы болған екен. Бұдан басқа, 12 аймақта қалың қар түсті. Кей жерде-ақ ұлпаның қалыңдығы 20 сантиметрге жеткен. Ел астанасы Мадрид тұрғындарының қарды көрмегеніне 10 жылдай болыпты.

Блиц 1:

- Қар көп жауған жылы береке мол болады деп айтады ғой. Енді осының рас-өтірігін көреміз.

Блиц 2:

- Елдің берекесі кетті. Мамандар жаяу адам жүретін жолға тұз сеуіпті. Бірақ барлық жерге емес. Тайғанақтап жүре алмаймыз.

Мамандардың айтуынша, Испаниядағы аяз осы жексенбіге дейін сақталады. Апта аяғында қазіргіден де көп қар жауады деген болжам бар.

Авторы: Ернат Мелсұлы

Сондай-ақ...