Германияда коронавирус жұқтырғандар саны бойынша антирекорд тіркелді

Германияда соңғы тәулікте коронавирус жұқтырған 32 мыңдай науқас анықталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – індет басталғалы елде тіркелген ең жоғары көрсеткіш. Өлім-жітім саны да өсіп, соңғы тәулікте бір мың бір жүзден аса адам қайтыс болды. Қазір медиктер дабыл қағып отыр. Федералдық өңірлердің көбінде ауруханалар науқасқа толған. Мәселен Макленбург-Алғы Померания өңірінде айдың аяғына дейін 5 сауықтыру госпиталін ковидті емдейтін ауруханаға айналдыру көзделіп отыр. Сарапшылардың пайымдауынша, қатаң локдаунға қарамастан, елдегі эпидахуал күрделі. Қараша айында мейрамханалар, фитнес залдар мен мұражайлар жұмысы тоқтады. Ал желтоқсан айынан бастап мектептер мен балабақшалар жабылды. Таяуда үкімет карантин шараларының мерзімін осы айдың соңына дейін ұзартты.

Ральф Хензель, Майсен қаласы аудандық кеңесінің өкілі:

- Карантин шаралары күшейтілгеніне қуанамын. Өйткені соңғы деректерге қарап, бұған дейінгі шектеулер нәтиже бермегенін көрсетті. Рождество мен Жаңа жылдан кейін науқастар саны әлі де өседі деп ойлаймын.