Италиядағы автотұрақта жарылыс болды

Италияның Неаполь қаласында коронавирус науқастары жатқан аурухана жанында жойқын жарылыс болды.

Салдарынан автотұрақтың 2 мың шаршы метр аумағы опырылып түскен. Шұңқырдың тереңдігі 20 метр. Оған 3 көлік түсіп кетті.

Оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ. Алдын ала тексеріс нәтижесі бойынша апатқа жерасты сулары себеп болған. Ылғал әсерінен топырақ түсіп кеткен болуы керек. Төтенше оқиғадан кейін аудандағы электр жарығы өшіп, су құбыры істен шыққан. Тергеу амалдары жүріп жатыр.

Сиро Вердолива, Неаполь денсаулық сақтау қызметінің директоры:

- Жойқын жарылыс таңғы 6 жарымдарда болды. Апат кезінде автотұрақта көлік көп болмаған. Электр жарығы өшіп қалған соң дереу генераторларды іске қостық. Медициналық қызмет 100 процент тиімді көрсетіліп жатыр. Бірақ коронавирус науқастарын емдейтін орталықты уақытша жаба тұрамыз. Себебі ыстық су келмей тұр.