421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Дональд Трамп твиттерсіз қалды

  • 191
  • UPD: 14:04, 09.01.2021
Дональд Трамп твиттерсіз қалды

Twitter әлеуметтік желісі АҚШ президенті Дональд Трамптың аккаунтын біржола блоктап тастады.

Twitter компаниясы осыған байланысты былай деп мәлімдеме жасады:

«@realDonaldTrump аккаунтында жарияланған соңғы твиттерді, олардың мазмұнын, әсіресе оның Twitter қауымында қалай қабылданып, әрі қарай қандай контекстте тарағанын егжей-тегжейлі тексеріп шыққан соң осындай шешім қабылдадық. Біз зорлық-зомбылыққа апарып соғу қаупін ескере отырып, аккаунтты біржола өшірдік. Осы аптадағы сұмдық оқиғалардан кейін біз Twitter қолдану талаптарын қайтадан бұзу дәл осындай жағдайларға әкелетінін хабарлаған болатынбыз. Біздің талаптар таңдаулы ресми тұлғалар мен әлемдік көшбасшылардан тікелей ақпарат алуға мүмкіндік береді. Алайда біз әу бастан бұл аккаунттар біздің ережеге бағынуға тиіс екенін және олар Twitter-ді зорлық-зомбылық туғызу үшін пайдалана алмайтынын анықтап түсіндірген едік» делінген компания хабарламасында.

Сонымен қатар Twitter Дональд Трамптың соңғы твиттері мен олардың кейбір қолданушыларға қалай әсер еткеніне жасалған анализдің қорытындысын жариялады. Компания «бұл твиттер жаңадан зорлық-зомбылық жасауға себеп болуы мүмкін» деп отыр. Президент кезінде Дональд Трамп 26 мыңнан астам твит жариялаған. Күніне орта есеппен 18 твит жазып отырған.

Twitter шешімі туралы Дональд Трамп былай деді: «Ешкім біздің аузымызды жаба алмайды. Жақын арада оның орнын басатын жаңа платформа жасауды қарастырып жатырмын».

АҚШ-тың 45-президенті бұл сөздерді өзінің ресми Twitter аккаунтында жазды, бірақ компания оның ізін ала бере бірден өшіріп тастады.

Хабар 24 телеарнасы