Грузияда тоғыз жыл бойы «Аяз атаға хат» жобасы жүзеге асып келеді

«Ата Аязға хат». Грузияда тоғыз жыл бойы осындай әлеуметтік жоба жүзеге асып келеді. Балалар тиісті мекен-жайға хат жолдап, Жаңа жылға қандай сыйлық алғысы келетінін айтады. Ұйымдастырушылар әлгі тілектерді әлеуметтік желілерде жариялап, сауап іздеген адамдар өз шамасына қарай балалардың арманын орындайды. Бұл жоба халық арасында үлкен қызығушылық туғызды. Әсіресе өзге елдерде тұратын грузиндер белсенділік танытып, сыйлық жіберуден қалыс қалмайды.

Балалардың өтінішін орындап, сұрағанын тауып беру жобасының авторы дизайнер Тинатин Магалашвили. Жаңа жыл мейрамы кезінде ол көмекшілерімен бірге тынбай еңбек етеді. Олар сыйлықтарды іріктеп, елдің көптеген аймақтарына жеткізеді. Алғашында балалар хаттарды өз қолымен жазып, Тинатинның ательесіне әкелетін. Қазір электронды пошта арқылы жолдайды.

Тинатин Магалашвили, дизайнер:

- Балалардың тілектері жазылған хаттарды әлеуметтік желілерге орналастырамыз, ал адамдар орындауға шамасы жететінін таңдап алады. Осыдан кейін хат астындағы түсініктемеде тілегі Аяз атаға жеткенін жазу керек. Егер Грузияда тұрмаса, ақша жіберіп, біз олардың атынан сыйлық сатып алып, жеткіземіз, сосын фотографиясын хатымен бірге әлеуметтік желіде жариялаймыз. Қазірдің өзінде 350 бала сыйлық алды және жоба жалғасып жатыр. 

Бұл жоба 2012 жылдан бері жүзеге асып келеді. Сол кезде Тинатин лейкемияға шалдыққан балаларға көмектесе бастаған болатын. Біртіндеп өзге бүлдіршіндер қосты. Олардың басым бөлігі әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларынан. Мәселен, Марина Мчедлишвилидің биыл үш баласына сыйлық сатып алуға шамасы келмеген.

Марина Мчедлишвили, көп балалы ана:

- Ең алдымен бәрін Жаңа Жылмен құттықтап, денсаулық тілеймін! Пандемияның кесірінен күйеуіміз екеуіміз жұмыссыз қалдық. Балаларыма «Аяз ата коронавируспен ауырып қалды» деп айтуыма тура келді. Бірақ бақытқа орай, жазылып, бүгін балаларымызға қуаныш әкелді. Бұл үшін оған үлкен рахмет!

Тинатин көмекшілерімен бірге індет өршіген кезде қайырымдылық жұмысын жалғастыруға қауіптенген еді. Алайда керісінше жоба ауқымы тек кеңейе түсті. Енді грузин балалары тек Жаңа Жыл алдындаға ғана емес, жыл бойы Аяз атаға хат жаза алатын болды. Жанашыр жандар олардың тілектерін орындауға әрдайым дайын.

Автор: Юлия Тужилкина

Сондай-ақ...