Бүгін Қырғызстанда президенттік сайлау және референдум өтеді

Бүгін Қырғызстанда президенттік сайлау мен мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты референдум өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел азаматтары саяси додаға түскен 18 кандидаттың арасынан болашақ президентті таңдайды. Сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесінің қандай болатынын да шешеді. Ол үшін бүкіл ел бойынша 2462 сайлау учаскесі ұйымдастырылған. Тағы 42 учаске шетелде ашылды. Дауыс беру тәртібіне келер болсақ, биыл азаматтарға екі бюллетеньнен беріледі. Бірінде президенттікке үміткерге дауыс берілсе, екіншісінде мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты таңдау жасалуы тиіс. Дауыс беру барысын әлемнің 44 елінен келген 315 бақылаушы қадағалайды.

Арсланбек Уметалиев, ҚР ОСК Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің меңгерушісі:

- Қырғызстандағы сайлау мен референдум барысын бақылау үшін ТМД Парламентаралық Ассамблеясының миссиясы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Парламенттік ассамблеясы, сонымен қатар Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары бюросы өкілдері келді.

Жалпы дауыс беру нәтижелері Орталық сайлау комиссиясына онлайн режимде түсіп отырады. Ол үшін сайлау учаскелерінің бәрі бір жүйеге қосылған. Дауыс беру үшін қойылған арнайы жәшіктер әрбір бюллетеньді тіркеуге алып, сайлауға қатысты деректерді үнемі жаңартып отырады. Осылайша, қай кандидаттың алда келе жатқанын дауыс беру кезінде білуге болады. Жалпы, сайлау қорытындысы қолмен жүргізілген санақтан кейін жарияланады.