424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

COVID-19: әлем бойынша 2020 жылы өткен сайлаулар

  • 298
  • UPD: 08:56, 10.01.2021
COVID-19: әлем бойынша 2020 жылы өткен сайлаулар

Коронавирус тығырыққа тіреген тышқан жылында әлемнің 60-тан астам елі түрлі сайлауларды Конституция бекіткен мерзімде өткізе алмады.

Бұл туралы Сайлау жүйелерінің халықаралық қоры мәлімдеген. Бірақ бірқатар мемлекет COVID-19 жағдайына қарамастан саяси доданы ұйымдастыра білді. Осы тұрғыда әр елдің сайлау өткізуде өзіндік ерекшелігі болған. Індет кезіндегі сайлаулар қалай өтті?

Оңтүстік Корея, 2020 жыл

Оңтүстік Кореяда парламент сайлауы 13 сәуірде өтті. Учаскелерге кіруге тек бетпердемен ғана рұқсат берілді. Бюллетеньге қол қоймас бұрын сайлаушы қолын жуып, қолғап кию талап етілді. Жоғары температурасы болғандар арнайы орында дауыс берді. Коронавирус жұқтырғандар үшін ауруханаларда арнайы жәшіктер орнатылды. Ел билігінің мәлімдеуінше, сайлау күні 27 адам ковид жұқтырған. Бұл оған дейінгі ең төменгі көрсеткіш болып тіркелді.

Ли Нак Ён, саясаткер:

- Қазір біздің тұрғындар, жалпы адамзат коронавирусқа байланысты зардап шегуде. Вирус жұмыс орындарының қысқаруына алып келді. Біз COVID-19-бен күресте жеңіп, экономикалық-әлеуметтік жағдайды қалыпқа келтіруміз керек. Біз Корея азаматтары мұны жасауға қауқарлымыз.

***

Польша, 2020 жыл

Польша мамырда өтуі тиіс болған президент сайлауын 28 маусымға шегерді. Бұл саяси науқанның басты ерекшелігі – учаскеге барумен қатар поштамен де дауыс беруге рұқсат етілді. Дегенмен, індетке қарамастан, Польшада сайлауға қатысу деңгейі ел тарихында алғаш рет 64%-тен асып, рекорд орнады.

Атап айтқанда, 30 миллион 200 мың азаматтың 19 миллионы белсене атсалысқан. Оның 483 мыңы қашықтан дауыс берді.

***

Беларусь, 2020 жыл

Беларусьте президент сайлауы тамызда өтті. Мемлекет басшысы Александр Лукашенко «коронавирусқа бола экономиканы тоқтатпаймын» деп карантин жарияламады. Тіпті 9 мамырда Жеңіс шеруін өткізді. Бірақ кейін Орталық сайлау комиссиясы барлық кездесуін онлайн форматқа ауыстырды. Учаскелердегі байқаушылар санын қысқартты. Сайлау күні бөлімшелердің есігін жабуға тыйым салынды. Тіпті бюллетеньге белгі қою үшін қалам да берілмеді. Оны әркім өзі әкелуі талап етілді.

***

Ресей, 2020 жыл

13 қыркүйекте Ресейдің барлық аймақтарында бірыңғай дауыс беру шарасы өтті. Ерекшелігі – коронавирусқа байланысты бұл сайлау әдеттегідей 1 емес, 3 күнге созылды. Зейнеркерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне комиссия өкілдері өздері барды. Кей азаматтар мемлекеттік қызмет көрсететін портал арқылы дауыс берді. Сайлау учаскелерінде барлық санитарлық нормалар қатаң сақталды.

***

Қырғызстан, 2020 жыл

Қырғызстандағы парламент сайлауы қазан айында болды. 2430 учаскенің алдында температураны өлшейтін, антисептиктер себетін арнайы адамдар тұрды. Тура кіреберісте еденге аяқ киімді зарарсыздандыратын материал төселді. Бетперде, қолғап, бахила тегін берілді. Еден мен жиһаз сағат сайын тазартылды. 2 метрге дейін арақашықтық сақтау талап етілді. Бірақ бұл шарт барлық жерде сақталмаған. Әсіресе, қатысу көрсеткіші ең жоғары болған Ош қаласында санитария талаптары жиі бұзылған. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдеуінше, сайлау күні 2017 адам ковид жұқтырған. Қырғызстанда сайлау алдында енгізілген карантин экономика үшін ауыр болды. Әлем бойынша өлім-жітімнің жан басына шаққандағы жоғары көрсеткіштің бірі осы елде тіркелді. Сол кездегі үкімет шектеу шараларына бюджет қаржысының 20%-ін жұмсаған. Бірақ сонда да билік індетке дайын болмай шықты. Мұның соңы үкіметке деген сенімді жоғалтып, соңғы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Саяси тұрақсыздықтан ел экономикасына 104 миллион доллар шығын келген. Жергілікті бизнес-қауымдастықтар альянсының мәліметі бойынша 210 миллион долларға бағаланған 20-дан астам келісімшарт пен жобаның күші жойылды.

Әнуар Абдраев, Қырғызстанның банктер одағының президенті:

- Бұл мәселелерді тез арада шешуіміз керек. Бірақ толыққанды жұмыс істеуіміз үшін әрине тыныштық пен қауіпсіздік қажет. Басымыздан өткендіктен, біз де алаңдаймыз.

***

АҚШ, 2020 жыл

АҚШ-та президент сайлауы қарашада өтті. Үміткерлердің сайлаушылармен бетпе-бет кездесуіне шектеу қойылды. Бірақ телефон, телеарна, интернет арқылы үгіт-насихат күшейді. Бұдан басқа, үміткерлердің әуе сапарына бөлінген ақша қысқарды. Бірақ бетперде кию сияқты коронавирусқа қатысты талаптарды сол кездегі Ақ үй басшысы Дональд Трамп тыңдамады. Кейін оның өзінен және вице-президент Майк Пенстің 5 бірдей көмекшісінен ковид анықталды. Осылайша, Трамп індеттегі міндетке мән бермей, сайлауда сүрінді. Бұл басқа емес, америкалық саяси сарапшылардың бағасы. Шектеуден аспаған Джо Байден қиын кезде жеңіп шықты.

Авторы: Ернат Мелсұлы

Хабар 24 телеарнасы