Индонезия сүңгуірлері ұшақ сынықтарын тапты

Индонезия сүңгуірлері апатқа ұшыраған ұшаққа тиесілі болуы мүмкін сынықтар тапты, деп хабарлады «Хабар 24».

Бұдан басқа олар Ява теңізінің табанынан киім бөлшектерін алып шыққан. Сондай-ақ гидроакустикалық аппарат су түбінен белгі алған. Осыған орай құзырлы органдар «ұшақтың құлаған жерін анықтадық» деп болжайды. Іздеу операциясы жалғасуда.

Естеріңізге сала кетейік, Boeing 737-500 әуе кемесі кеше күндіз апатқа ұшыраған болатын.

Джоко Видодо, Индонезия президенті:

– Адамдарды тауып, өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің барлығын жасаймыз. Олар табылса екен деп бірге дұға қылайықшы. Қиын жағдайға тап болғандарға үкіметтің және Индонезия халқының атынан «Бекем болыңыздар» демекпін. Көлік министрлігіне және Іздеу-құтқару агенттігіне операцияны мүмкіндігінше жеделдетуді тапсырдым.

Билік екі дағдарыс орталығын құрды. Біреуі әуежайда, екіншісі теңіз айлағында жұмыс істеп тұр. Джакартадан Понтианакқа ұшып шыққан ұшақта 62 адам болған. 56-сы – жолаушы, алтауы – экипаж мүшесі. Арасында кәмелетке толмаған 10 бала бар. Жолаушылардың барлығы жергілікті азаматтар. Олардың бәрі қаза тапқан.

Әуе кемесі көкке көтерілген соң 4 минуттан кейін радардан жоғалып кеткен. Алғашқы темір қалдықтарды балықшылар тауып алған. Әуе компаниясының өкілдері ұшақтың техникалық жағдайы жақсы болған деп сендіреді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаға байланысты Индонезия президенті Джоко Видодоға көңіл айту жеделхатын жолдады.