Бейжіңде таксиге отырған азаматтар денсаулық коды бойынша тексерістен өтеді

Қытайдың Хэбэй провинциясында 10 күнге жетер-жетпес уақытта 400-ге жуық коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ең көп науқас Шицзячжуан мен Синтай қалаларынан табылған. Бір айта кетерлігі, дәл осы шаһарларда жуырда ғана тұрғындарды жаппай вакциналаудың бірінші кезеңі аяқталған болатын. Сөйтіп екпе қабылдаған 13 миллионнан астам адамға бір апта бойы оқшауда қалуға кеңес берілді. Бұдан бөлек, аймақта пойыздар мен қалааралық автобустардың қозғалысы тоқтатылды.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Коронавирус жұқтырған алғашқы азамат Хэбэй провинциясында 15 желтоқсанға дейін пайда болған. Жергілікті мамандар осындай шешімге келді. Олардың айтуынша, алдағы екі аптада науқастар саны азаяр болса, індет ошағын бақылауға алуға мүмкіндік туады. Соған қарамастан, вирустың қайдан шыққанын анықтау керек дейді олар. Қазір Шицзячжуан мен Синтай қалаларында тұрғындардың жаппай вакциналаудың екінші кезеңі жүріп жатыр. Бұдан бөлек, науқастармен байланыста болған, бірақ Хэбэй аумағынан шығып үлгерген азаматтарды іздестіру жұмыстары да қолға алынған. Инфекцияның таралуы мейлінше азайту мақсатында қазір Шицзячжуанда қоғамдық көлік тоқтап тұр. Ал тұрғындар тағы бір аптаға оқшауға алынды. 

Ма Юйцзюнь, Шицзячжуан қаласы мэрінің міндетін атқарушы:

– Вирустың таралуын болдырмаудың ең тиімді жолы – адамдар арасындағы байланысты азайту. Ол үшін азаматтар өз үйлерінде қалуы керек. Тұрғындардың жүріс-тұрысын бақыламаса, вирустың таралу қарқыны үдейе түсуі мүмкін.

Ботагөз Сырғабаева, тілші:

- Елдің солтүстік-шығысында да коронавирус төңірегіндегі ахуал мәз емес. Ляонин провинциясында бірнеше тұрғын үй ауданы карантинге жабылды. Қолда бар ақпар бойынша, жағдайдың ушығуына сырттан вирус жұқтырып келу деректері түрткі болған. Ахуал одан бетер ауырлап кетпесі үшін жергілікті билік тұрғындарды үйде қалуға шақырып жатыр. Сонымен қатар Қытай жаңа жылы кезінде себепсіз жүріс-тұрыстан бас тартуға кеңес беруде. Өйткені індетке дейін ел тұрғындары осы мереке кезінде 40 күн бойы ел аумағында саяхаттайтын. Айта кетейік, биыл Қытай жаңа жылы 28 қаңтарда басталады.

Цзэн Синь, ҚХР денсаулық сақтау істері жөніндегі мемлекеттік комитет басшысының орынбасары:

- Біз тұрғындардың сауданы онлайн жасап, сапарға кезең-кезеңімен шығуын қолдауымыз қажет. Сонымен қатар қысқы демалыс пен көктемгі семестрге арналған мектеп кестесін оңтайландыруымыз керек. Бұдан бөлек, азаматтарды Жаңа жылда жолға шықпай, өзі тұратын қалада қарсы алуға шақырамыз. Өйткені мереке кезінде жолаушылар ағынын мейлінше азайтқан абзал. 

Біз кезең-кезеңмен сапарларды және онлайн сатып алуды ынталандыруымыз керек, сонымен қатар қысқы демалыс пен көктемгі семестрге арналған мектеп кестесін оңтайландыруымыз керек. Біз адамдарды мереке күндері жолаушылар ағынын мүмкіндігінше азайту үшін жұмыс істейтін немесе тұратын қалада жаңа жыл өткізуге шақырамыз. Біз көлік қозғалысы мен жолаушылар ағынын қатаң бақылап, көліктің тиімділігін арттыруға тиіспіз.

Бейжіңде де осыған ұқсас жағдай. Тұрғындарға жаңа жылды тек қалада қарсы алуға кеңес берілді. Айта кетейік, бүгіннен бастап Бейжің таксилеріне отырған азаматтар денсаулық коды бойынша тексерістен өтуі керек. Бұл шара вирус жұқтырған азаматтарды дереу анықтауға көмектеседі. Жалпы, жуырда ғана көліктегі санитарлық нормаларды бірнеше қайтара бұзғаны үшін таксиге онлайн тапсырыс беру қызметін ұсынатын компания жауапқа тартылды. Аталған мекемеге 200 мың доллардай айыппұл салынды. Тағы бір айта кетерлік жайт, Шуньи ауданының тұрғындары қайтадан жаппай вакциналануы мүмкін. Өйткені дәл осы жерден инфекция шалдығу деректері табылған. Осыған байланысты осы ауданның жүргізушілері аптасына екі рет ковидке тест тапсырулары керек.

Сондай-ақ...