Индонезияда апатқа ұшыраған ұшақ ауаның қатты ағымына тап болған

Осы елдің Метерология және климат жөніндегі агенттігінің басшысы Дэни Сэптиади осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір апат аймағында іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. Ұшақтың алғашқы қаңқалары Джакарта портына жеткізілді. Оның ішінде әуе көлігінің қозғалтқышы, биіктікті өлшейтін радар, апатты жағдайға арналған парашют бар.

Еске сала кетейік, өткен сенбі күні Джакартадан Понтианакқа ұшып шыққан Boeing 737 жолаушылар ұшағы көкке көтерілген соң 4 минуттан кейін радардан жоғалып кетеді. Көп ұзамай оның теңізге құлағаны анықталады. Апат кезінде ұшақ бортында 56 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Марқұмдардың бәрі – жергілікті азаматтар.

Багус Пурухито, Индонезия ұлттық іздестіру-құтқару қызметінің басшысы:

– Апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары күні-түні жүргізіліп жатыр. Енді құтқарушылар теңіз түбінен марқұмдардың денесі мен ұшақтың қаңқаларын шығаруға кіріседі. Және лайнердің қара жәшіктерін шығарумен айналысады. Олардың орны анықталған.