Индонезияда апатқа ұшыраған ұшақ теңізге құлаған соң жарылған

Индонезияда апатқа ұшыраған Boeing ұшағы көкке көтерілген соң, ауаның қатты ағымына тап болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы елдің Метерология және климат жөніндегі агенттігінің басшысы Дэни Сэптиади осылай деп мәлімдеді. Ал тергеушілер ұшақ суға құлаған соң жарылған дейді. Қазір апат аймағында іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ұшақтың алғашқы қаңқалары Джакарта портына жеткізілді. Оның ішінде әуе көлігінің қозғалтқышы, биіктікті өлшейтін радар, апатты жағдайға арналған парашют бар.

Багус Пурухито, Индонезия ұлттық іздеу-құтқару қызметінің басшысы:

– Апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары күні-түні жүргізіліп жатыр. Енді құтқарушылар теңіз түбінен марқұмдардың денесі мен ұшақтың қаңқаларын шығаруға кіріседі. Және лайнердің қара жәшіктерін шығарумен айналысады. Олардың орны анықталған.

Еске сала кетейік, өткен сенбі күні Джакартадан Понтианакқа ұшып шыққан Boeing 737 жолаушылар ұшағы көкке көтерілген соң 4 минуттан кейін радардан жоғалып кетеді. Көп ұзамай, оның теңізге құлағаны анықталады. Апат кезінде ұшақ бортында 56 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Олардың бәрі – жергілікті азаматтар.