Прагада карантинге қарсы наразылық шеруі өтті

Чехия астанасы Прагада коронавирусқа байланысты енгізілген карантинге қарсы шеру өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жергілікті полицияның мәліметі бойынша наразылық шарасына 3 мыңға дейін адам қатысқан. Олар Үкіметтен шектеулерді алып тастауды талап етті. Ереуілшілердің мәлімдеуінше, мейрамханалар, қонақүйлер және басқа да бизнес нысандары шығынға белшесінен батып, елде жұмыссыздық артуда. Мектепке бармаған оқушылардың да білім сапасы төмендеп барады. Шеруге қатысқандардың көбі бетперде тақпаған, әлеуметтік арақашықтық сақтау талабын елемеген.

Вацлав Клаус, Чехияның бұрынғы премьер-министрі және президенті:

- Баяғы індеттер кезінде науқас адамдар оқшауланатын. Ал қазір сау адамдардың өзін қамап ұстап отыр. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе.

Давид Биксадски, шеруді ұйымдастырушы:

- Конституциямыз өрескел бұзылып жатыр. Емін-еркін жүріп-тұру, бизнес жүргізу, жиналу бостандығына бұғау салынды. Көптеген кәсіптер құрдымға кетуде.

Чехияда соңғы бір аптада өлім-жітім бір миллион тұрғынға есептегенде 12,7%-ке ұлғайған. Жаңа жыл қарсаңында үкімет карантин талабын біраз жұмсартқан еді. Бірақ 27 желтоқсаннан бастап дүкендерді қайта жауып, 2 адамнан артық жиналуға тыйым салды. Сондай-ақ кешкі 21:00-ден кейін көшеде себепсіз жүруге шектеу қойылған.

Айта кетейік, бұл елде COVID-19-ды 831 мың тұрғын жұқтырып, індеттен қайтыс болғандар саны 13 мыңнан асқан.