Қырғызстандағы референдумда сайлаушылардың 81%-і президенттік билік жүйесін таңдады

Қырғызстанда өткен кезектен тыс президенттік сайлауда Садыр Жапаров жеңіске жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елдің жаңа басшысына сайлаушылардың 79%-тен астамы дауыс берді. Сонымен қатар 81%-і президенттік билік жүйесіне ауысуды қолдаған.

Еске сала кетсек, көрші елде президенттік сайлаумен қатар елдегі билік жүйесі жөнінде референдум де өткен еді.

Дауыс беру орындары жабылғаннан кейінгі бір сағатта Орталық сайлау комиссиясы Садыр Жапаров 79% дауыс жинап, сайлауда жеңіске жеткенін хабарлады. Бұл – бюллетеньдерді электронды есептеу жүйесі келтірген мәлімет. Ал дауыстар қолмен саналғаннан кейін келесі күні Орталық сайлау комиссиясы өз нәтижесін жариялады. Дегенмен, бұл сайлау қорытындысын айтарлықтай өзгерте қойған жоқ. Садыр Жапаровтан кейін екінші орынға ие болған Адахан Мадумаров 6%-тей дауыс жинады.

Нұржан Шайлдабекова, Қырғызстан Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Алғашқы мәліметтер бойынша Садыр Жапаров үшін бір миллион 116 мың дауыс берілді. Бұл – сайлауға қатысқан халықтың 79,19%-і. Бұл сайлау учаскелерінің 98%-інен келіп түскен мәлімет бойынша есептелген алғашқы нәтиже.

Ал референдумда сайлаушылардың 81%-і президенттік билік жүйесін таңдады. Жалпы сайлауға дауыс беру құқығына ие ел тұрғындарының шамамен 40%-і қатысқан. Бұрынғы сайлаулармен салыстырғанда бұл жолы халық белсенділігі едәуір төмен болды. Байқаушылар сайлау өткізуге бір айдан аз уақыт бөлінгенімен, дауыс беру үрдісі жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады.

Василий Волков, ТМД байқаушылары миссиясының басшысы:

- ТМД байқаушылары өз баяндамаларында заңбұзушылық аз болғанын және ол сайлау нәтижесіне әсер етпегенін атап өтті. Олардың пікірінше, дауыс беру ел заңдылығына сай өтті.

Орталық сайлау комиссиясы жариялаған нәтижелер әлі ресми түрде бекітілген жоқ. Алдағы күндері барлық сайлау учаскелерінен толық мәлімет түсуі тиіс. Бұл ең алдымен шетелдегі дауыс беру орындарына қатысты. Тек осы ақпарат өңделгеннен кейін президенттік сайлау және референдум жөнінде ресми дерек жарияланады. Дегенмен, бұл сайлау қорытындысына айтарлықтай әсер етпейтіні анық. Заң бойынша Орталық сайлау комиссиясы оны 21 тәулік ішінде жариялауға тиіс. Ал елдің алтыншы президентін ұлықтау рәсімі бір айдан кейін өтеді. Алдағы уақытта елде маңызды саяси шаралар өтуі тиіс. Референдум қорытындысына сәйкес Конституцияға өзгерістер енгізіледі. Ал мамыр айына парламенттік сайлау белгіленген.

Авторы: Бақыт Чермашев