Ауа райының қолайсыздығы әлем елдерін әбігерге салды

Жапония қардың астында қалды. Мұндағы ақ ұлпаның қалыңдығы адамның бойынан асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мертігіп, опат болып жатқандар да бар. Испания халқы да соңғы жарты ғасырда болмаған қалың қардың зардабын тартып отыр. Ал, Австралия да керісінше, аптап ыстық. Күн шыжып тұр. Ауа райының қолайсыздығы тағы қай елдерді әбігерге салды. Бұл жөнінде арна тілшісі Жұлдыз Атагельдиевадан білейік.

Диктор:

- Жұлдыз, әлеуметтік желіде испандықтардың қар шашып ойнап, мәз болып жатқан бейнежазбалары таралып жатыр. Соған қарағанда, жұрт көңілді тәрізді ғой.

Жұлдыз Атагельдиева, тілші:

- Иә, бұған жастар жағы мәз. Бірақ синоптиктер «қуануға асықпаңдар» деп отыр. Өйткені алдағы уақытта Испания астанасында күн күрт суытып, қалың қарға аяз да қосылатынын ескертеді.

Жапонияның солтүстігін қалың қар басты. Салдарынан 8 адам көз жұмды. Тағы 280-ге жуық тұрғын жарақат алған. Өңірде көлік қатынасы қиындады. Мыңнан аса темір тұлпар қар құрсауында қалып қойған. Пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтады. Әуе қатынасы да тежелді. Сөйтіп, 500-ден аса рейс кейінге шегерілді. Кейбір ауданда ақ ұлпаның биіктігі 2,5 метрге жуықтайды. Билік жүргізушілерге жолға, ал, тұрғындарға мүмкіндігінше сыртқа шықпауға кеңес беріп отыр. Өйткені мамандардың топшылауынша, қардың әлі басылатын түрі жоқ.

***

Испанияда мамандар қарды тазалап үлгермей жатыр

Испандықтар да қардан көз ашпай тұр. Мамандар мұндай жағдай соңғы жарты ғасырда болмағанын айтады. Ел астанасы Мадридте өткен аптадан бері жапалақтап жауған қар қазір тоқтаған. Алайда комуналдық қызмет көшелер мен жолдарды тазалап үлгермей жатыр.Тіпті оларға көмекке әскерилер тартылған. Соның өзінде жұмыс қауырт. Қалада көлік қатынасы әлі қалпына келген жоқ. Сондықтан тұрғындар діттеген жеріне жаяу жетуге мәжбүр. Бүгін жергілікті оқушылар рождестволық демалыстан кейін сабаққа баруға тиіс еді. Алайда күннің қолайсыздығына байланысты балалар әзірге мектепке бара алмайды. Ал, синоптиктер қауіптің беті әлі қайтпағанын айтады.

Карлос Новилло, Мадрид Төтенше жағдайлар және қауіпсіздік жөніндегі агенттігінің басшысы:

- Қар басылды. Алайда жұмыс жетерлік. Жолдарды тазалап үлгермей жатырмыз. Қазір бізде екінші кезең басталды. Яғни күн суытып кетіп, жолдарды көктайғақ басты. Бұл біздің жұмысымызды қиындатып отыр.

***

Австралияда күн 48 градусқа дейін ысиды

Ал, Австралияда керісінше, күн ысып барады. Қазір Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында ауа температурасы 40 градус шамасында. Бірақ синоптиктер алдағы күндері температура 48 градусқа дейін көтерілетінін болжайды. Салдарынан орман өртінің тез таралу қаупі артқан. Мәселен, қызыл жалын 550-ге тарта тұрғыны бар Люсиндейл елді мекеніне таяп қалған. Сондықтан тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр.

Брентон Хасти, Өрт сөндіру қызметінің өкілі:

- Өрт бүгін ғана басталып, бірнеше сағат ішінде лезде күш алып кетті. Өйткені күн ыстық, оның үстіне жел де басылар емес. Бірнеше нысан өртеніп кетті.

***

Грекияда жұрт жағажайда жүр

Грекияда да күн шыжып тұр. Әдетте жылдың бұл мезгілінде мұндағы ауа температурасы ары кетсе 10 градусқа дейін көтерілетін. Алайда ел астанасы Афина қаласында кеше 23 градусты көрсеткен. Салдарынан жұрт жаппай жағажайға жүгірді. Алайда билік «мұның соңы коронавирус жұқтыру деректерінің күрт артуына әкеп соқтырмаса екен» деп отыр. Елде 18 қаңтарға дейін өзін-өзі оқшаулау тәртібі енгізілген.

Блиц 1:

- Испанияны қар басып, не болып жатқанын білеміз. Ал бізде ауа райы керемет!

Блиц 2:

- Бұл аномальді жағдай. Былтыр осындай кезде күн суық еді. Бірақ бір жағынан жақсы болды. Жұрт үйде отырып, әбден шаршады. Ең құрымаса, жағажайға кеп, біраз сергіп қайтсын.

***

Индонезияда лай көшкінінен жоғалғандар іздестірілуде

Ал, Индонезияда лай көшкінінен кейін іздестіру-құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы мәлімет бойынша құрбандар саны 13 адамға дейін артқан. Із-түзсіз жоғалып кеткен 27 тұрғын әлі табылмады. Лай көшкініне нөсер себеп болған. Жаңбыр әлі жауып тұр. Сондықтан мамандар лай көшкінінің тағы жүру қаупі барын ескертеді.

Құтқарушы:

- Құтқару жұмыстарына жаңбыр кедергі етіп отыр. Десе де, үмітімізді үзбейміз. Жоғалып кеткен 27 адамның бәрі аман-есен табылса екен деп дұға етіп отырмыз.

***

Таиландта табиғат апатынан үш адам көз жұмды

Таиландтың оңтүстігінде де лай көшкіні жүріп, өңірді су басты. 25 мың үйге нұқсан келген. Әсіресе, Яла қаласы қатты зиян шекті. Табиғат апатынан көз жұмған 3 адамның екеуі осы өңір тұрғындары. Мұнда жауын-шашынның соңғы 10 жылдағы рекордтық мөлшері жауса керек. Шаһардағы өзен арнасынан тасып, егістік алқаптарын су басты.