Римде студенттер шектеулерге қарсы шеруге шықты

Италия астанасы Римде жүзден астам колледждің студенті шектеулерге қарсы шеруге шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар наразылық шарасын ежелгі Колизей амфитеатрының жанында отырып өткізген. Жастар құзырлы органдардан тиісті сақтық шараларын қамтамасыз ете отырып, оқу орындарын тезірек ашуды талап етті. Еуропалық елде бастауыш және негізгі сынып оқушыларына мектепте білім алуға 7 қаңтарда рұқсат берілген болатын. Ал жоғары сынып оқушылары бүгіннен бастап оқу орнына баруы тиіс еді. Бірақ Үкімет шектеу шараларын тағы бір аптаға ұзартты.

Илария Ринаттиери, колледж студенті:

- Оқу орындарына оралуымыз үшін тиісті жағдай тез арада жасалуы керек. Лайықты білім алмасақ, біз үшін ғана емес, үкімет үшін, тіпті бүкіл Италия үшін масқара болады. Қазір уыздай жас болсақ та, біз болашақ сайлаушылармыз, еңбекшілерміз, осы елдің ертеңіміз.

Айта кетейік, Италиядағы барлық оқу орындары 2020 жылдың наурызында коронавирус індеті алғаш тарала бастағанда жабылған болатын. Содан бері колледж студенттері тек онлайн оқып келеді.