ДДСҰ өкілдері Қытайға барып, коронавирустың шығу себебін зерттейді

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының халықаралық сарапшылар тобы Қытайға 14 қаңтарда барады.

Бұл туралы осы елдің Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді. Делегация «Ковид-19»-дың шығу себебін анықтау үшін зерттеу жүргізбек. Негізі 10 адамнан тұратын топ қаңтар айының басында бару керек еді, бірақ жұмысты бастауға Қытай билігі кедергі жасаған. Сарапшылар 2 апталық карантинге оқшауланады. Сондықтан әрі қарай Ухань қаласына қашан баратыны әзірге белгісіз болып тұр.

Марион Купманс, ДДСҰ сарапшылар тобының өкілі:

- Індеттің қалай басталғанын мұқият зерттеп, мән-жайды толық анықтауға барымызды саламыз. Вирустың шығуына нақты не себеп болды? Әрине оның қалай шыққанына қатысты бірнеше нұсқа бар. Жарқанаттардан пайда болуы мүмкін. Бірақ болашақта осы вирусқа төтеп беру үшін оның қалай пайда болғанын біліп алуымыз қажет.