Индонезия апатқа ұшыраған ұшақтың қалдықтарын іздестіруде

Инденозияда апатқа ұшыраған ұшақтың қалдықтарын іздестіру жұмыстары да, тергеу ісі де жалғасып жатыр.

Мамандар Яван теңізіне құлаған лайнердегі ұшқыш пен диспетчерлер арасындағы әңгіменің жазбасын алды. Осы уақытқа дейін апаттан аман қалған бір де бір адам табылған жоқ. Қазір теңіз астында ондаған сүңгуір жұмыс істеуде. Құтқару-іздестіру операциясына 10-нан астам тікұшақ, 53 әскери кеме  мен 2600 құтқарушы тартылды.

Еске сала кетейік, өткен сенбі күні Джакартадан Понтианакқа ұшып шыққан «Boeing-737» жолаушылар ұшағы көкке көтерілген соң 4 минуттан кейін радардан жоғалып кетеді. Көп ұзамай оның теңізге құлағаны анықталады. Апат кезінде ұшақ бортында 56 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Олардың бәрі жергілікті азаматтар.