Үндістан әлемдегі ең ірі вакциналау науқанына кірісті

Бүгін елдің батысындағы Пуна қаласында орналасқан Сарысу институтынан екпенің алғашқы легі 13 аймаққа жіберілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірінші партия ел астанасы Нью-Делиге ұшақпен жеткізілмек. Басқа аймақтарға 8 әуе рейсі ұшырылады. Үндістан үкіметі жаппай вакциналауды 16 қаңтарда бастағалы отыр. Жоспар бойынша 1 жарым миллиардтай халықтың 300 миллионы алдағы 8 айдың ішінде вакцина салдыруы тиіс.

Субраманьям Джайшанкар, Үндістанның сыртқы істер министрі:

– Үндістанда тағы 4 вакцина клиникалық тексерістен өтіп жатыр. Бұл іс тез аяқталады деп сенеміз. Елімізде өндіріліп жатқан коронавирусқа қарсы вакцинаны басқа мемлекеттерге экспорттау мәселесін алдағы бірер аптада нақтылаймыз. Қалай десек те әлемдегі орнымызды берік сақтаймыз.

Үндістан бұған дейін «Коваксин» және «Ковашилд» атты отандық 2 вакцина жасап шығарған болатын. Премьер-министр Нарендра Моди бұл екпелер әлемдегі басқа препараттарға қарағанда бағасы жағынан тиімді болады деп жар салуда.

Нарендра Моди, Үндістанның премьер-министрі:

– Шұғыл қолдануға арналған екі вакцинаның Үндістанда жасалғанын мақтан етеміз. Соңғы 3-4 аптада әлем бойынша 50 елде вакциналау науқаны қолға алынды. Осылайша бір айдың ішінде дүние жүзінде 20 миллион 500 мың адам екпе алып үлгерді. Бұл елдердің өз дайындығы, тәжірибесі мен қауқары бар. Алдағы айларда біз де 300 миллион тұрғынға вакцина салып, үлкен іс тындырсақ па деп отырмыз.