Индонезиядағы ұшақ апаты: екі қара жәшіктің біріншісі Джакартаға жеткізілді

Индонезияда апатқа ұшыраған ұшақтың бірінші қара жәшігі ел астанасы Джакартаға жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді тергеушілер сүңгуірлер теңіз табанынан алып шыққан жазу құралын зерттеуге кіріседі. Екінші қара жәшіктен әзірге ешқандай белгі жоқ. Бірақ құзырлы органдар ол көп ұзамай табылуға тиіс деп іздеу жұмысын жалғастыруда. Бұдан басқа, мәйіт бөліктері салынған 60 қап сараптамаға тапсырылды. Операцияға 160 сүңгуір қатысуда. Сондай-ақ 3600-ден астам құтқарушы, 13 тікұшақ, 54 үлкен кеме мен 20 қайық тартылған.

Соерджанто Тжахджоно, көлік қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық агенттік басшысы:

– Ұшақтың бір ғана жерінде соққы болған. Ол анық көрініп тұр. Яғни суға түспес бұрын жарылыс та, сынық та болмаған. Демек ұшу кезінде ешқандай ақау шықпаған. Сондай-ақ желдеткіш пен турбина қалағын таптық. Яғни қозғалтқыш соғылған кезде де жұмыс істеп тұрған.

Ұшақта болған жолаушылардың жақындары 3 күннен бері құзырлы органдардан хабар күтіп жүр. Естеріңізге сала кетейік, өткен сенбі күні Джакартадан Понтианакқа ұшып шыққан «Боинг 737» әуе кемесі көкке көтерілген соң, 4 минуттан кейін радардан жоғалып кеткен. Көп ұзамай оның Ява теңізіне құлағаны анықталды. Ұшақта 56 жолаушы мен 6 экипаж мүшесі болған. Барлығы – жергілікті азаматтар.